Биыл кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толады. Майдан даласында ерлігімен аты аңызға айналған интернационалист-жауынгерлер аз емес. Солардың бірі «Қара Майор» есімімен танылған Борис Керімбаевтың жүлдесіне әскери-патриоттық жарыс ұйымдастырылды.

Жарыс Ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлерді үнсіздікпен еске алудан басталды. Бұрынғы Семей облысынан аттанған интернационалист – жауынгерлер қатарында 1100 адам бар. Олардың 44-і туған жеріне оралмады. Екеуі хабарсыз кетті. Жауынгерлерді еске алуға арналған шараға қарулас жолдастары жиналды.

Боранбай Бегатов – Абай облысы Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық ұйымының төрағасы

Біздің қарулас жолдасымызды мәңгілік ұмыттырмай, оларды еске алу үшін ұйымдастырып отырған ұстаздарға да рахмет айтамыз. Әрине, Семейде жалғыз бұл шара емес, жиі іс-шаралар қазір мектептерде көп өткізіліп жатыр. Облыс көлемінде де үлкен үлкен шаралар өткізіледі қазір жоспар бойынша. Енді Семей өңірінен шыққан батырлар, сол жақта қаза тапқан, соларды еске алу үшін осындай шараларды өткіземіз.

Ардагерлер ауған жерінде ерлігімен көзге түскен жауынгер Борис Керімбаевты еске алды. Ол Ауғанстандағы 177-ші арнайы жасақ командирі болып, күрделі жауынгерлік міндеттерді орындаған. Аға ұрпақтың ерлігі, патриоттық рухы жастарға үлгі. Оқушылар автоматты толық емес бөлшектеп, жинақтау, пневматикалық мылтықтан оқ атудан сынға түсті. Оқушылар әскери-спорттық және техникалық дайындықтарын ортаға салды.

Бауыржан Сұлтаев – Бас Төреші

Жалпы, мақсаты негізі балаларды әскери-патриоттық тәрбиеге тәрбиелеу және де өз Отанын сүюге деген секілді, Конституциясын қадірлеп, қастерлеу, осыған тәрбиелеу арқылы жарысты өткізіп жатырмыз. Жастар жақсы қабылдап жатыр. Дайындықтары жақсы, өет жоғары дайындықпен келген.

Әскери–патриоттық жарысқа қаламыздағы 40 мектептің командалары қатысты. Жиыны 100-ден астам оқушы жиналды. Негізі мектептерде алғашқы әскери дайындық сабақтары 10-сыныптан басталады. Ал қызығушылығы бар оқушылар 8-сыныптан бастап та дайындалып, жарыстарға қатысып жүр.

Әлижан Жайлауғали – 10 сынып оқушысы

Мен 8-ші сыныпта жай автоматқа қызыққаннан кейін келгенмін. Ал, қазір өзімнің болашақ жұмысымды осы іспен байланыстырамын ба деген ойдамын. Біздің мұғаліміміз Данияр Әскербекұлы, сыныпқа келіп айтты, бізде әскери дайындық болады, сендер келіп, көрсеңдер болады деп 8-ші сыныптың басында. Сол кезде қызыққаннан келіп көргенмін. Сол кезден бері өзіме ұнап кетті. Жарыстан орындар күтемін. Орын аламыз деген ойдамын. Себебі, өте ұзақ уақыт дайындалғанбыз.

Айкүн Серікқалиева – 10 сынып оқушысы

10-шы сыныптан бері автомат шашу, магазин шашудан өте жақсы көрсеткіштер көрсеттім. Және де менің жетекшім бүгінгі жарысқа осы себептен алып келді. Өзім қызыққаннан, енді қызығып қызығып, жүлделі орын алуға келдім. Бүгінгі жарыс өте қызықты болып өтіп жатыр. Маған ұнады. Ең бастысы әр түрлі мектептің балалары, әр түрлі тактикамен шешеді, сол жағы маған ұнады. Яғни, әркім өзіне байланысты шешеді. Және де жүлделі орын аламыз деген үміттемін.

Жарыс бірнеше күнге созылады. Қорытындысы бойынша командалық және жекелей есепте жеңімпаздар кубок, грамота және медальдармен марапатталатын болады.