Қаламызда белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, қоғам қайраткері Төлеген Жанғалиевтің 75 жылдың мерейтойына арналған «Қарқуар» атты шығармашылық кеш өтті. Оған ақынның шәкірттері, оқырмандары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Төлеген Жанғалиев Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Белгілі ақынның 75 жылдың мерейтойына орай шығармашылық кеш өтті. Мерекелік шара «Дариға-ай» жастар театры әртістерінің «Қарқуар» атты қойылымынан бастау алып, көрерменге ерекше әсер қалдырды.

Толқын Берікбекова- Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары

Биылғы жыл Абай облысы үшін мерейтойға тол жыл. Сонымен қатар жерлесеміз, ақын, Абай ауданының тумасы, Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Төлеген Жанғалиев 75 жасқа толып отыр. Бүгінгі «Қарқуар» атты кеш Төлеген ағамыздың шығармашылығын насихаттауға, оның мұрасын жастарға танытуға және өңіріміздің тума таланаттарын, дарын иелерін халық арасында кеңінен насихаттауға арналып отыр.

Кешке ақынның шәкірттері де жиналды. Олар тәлімгерлеріне өз туындыларынан жинақталған «Шыңғыстаудың бірі шыңы» атты кітаптарын сыйға тартты. Арнайы Астана қаласынан келген шәкірттерінің бірі Арман Шеризат. Төлеген Жанғалиевтің Қарауыл ауылы гимназиясы жанынан ашқан «Ақсұңқар» ақындар сыныбан сусындап шыққан ол ыстық естеліктерімен бөлісті.

Арман Шеризат- Т.Жанғалиевтің шәкірті

Ұстазымның еске алсам ерекше қасиеттері өте көп. Соның ішінде мысалы: Бізде сәт сағаты деген болатын. Әр аптаның бір күніне сәт-сағатын қойып отырады. Сол кезде өзі бір тақырып тауып алып келеді. Мысалы: Көшеде келе жатып күннің, ауа-райының өзгерістеріне байланысты, болмаса бір елде болып жатқан оқиға ға, болмаса жаңағы бір терең философиялық ойларға тақырыптар береді. Сол тақырыптардың аясында өлең жазыңдар дейді. Бұл енді бір жағынан сәт сағаты шығармашылыққа бағытталады, екінші жағынан жарысу, кім қалай жазады осы тақырыпты дегендей . Сол кезде өзіміз ерекшеленіп, басқаша қырынан қарап, сол тақырыпты ашуға тырысып, сондай бір сәттер ерекше есімде қалды.

Кешке Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев та қатысып, ақынды мерейтойымен құттықтады. Мерекелік шара соңында Төлеген Жанғалиев келген қонақтарға алғысын білдірді.

Төлеген Жанғалиев-Ақын

Барлығы табандарынан тік тұрып осы Төлеген ағамыз 75-ке келіпті ғой, соны атап өтейік деп жатқанына көп рақмет. Шәкірттеріме рақмет. Осыны біліп, ұстаздарының осындай мәртебесін бір көтеріп тастайық деп ниетпен жасап жатқан шаруа деп ұғамын. Баршаңызға рақмет, жан-жақтан келіп құттықтап жатырсыздар. Енді өмір болса әлі де шығармашылықпен айланысамыз.

Кеш барысында ақын Қалқаман Сарин мерейтой иесіне Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын табыстады. Арап Еспенбетов, Отантай Кәрібжанов, Дәулет Сейсенұлы, Тыныштықбек Әбдікәкім бастаған зиялы қауым өкілдері жылы лебіздерін жеткізді.