Облыстың негізгі салаларында өсім байқалады. Жыл басынан 471,6 миллиард инвестиция тартылды. 2028 жылға дейін өнеркәсіп секторында 7000 жұмыс орны құрылады. 9,1 миллиард теңгеге 8 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 307 жұмыс орны ашылды. Агроөнеркәсіптік кешен саласын субсидиялауға 17,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласының тұрғындарымен кездесуінде айтты.

Семей қаласы тұрғындарын алаңдататын мәселенің бірі – жол. Сол себепті де жол мәселесіне ерекше назар аударылуда. Көлік - логистикалық инфрақұрылымды жақсартуға 13,9 миллиард теңге бағытталды. Шаһардағы автокөпірді қайта жаңарту жобасы іске асырылуда. Жобаның құны 47,3 миллиард теңге. Биыл 241 шақырым автомобиль жолдары жөнделді. 62 аула мен 4 қоғамдық кеңістік жаңғыртылды.

Нұрлан Ұранхаев – Абай облысының әкімі

Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал топтарына 299,8 млн теңгеге 203 грант берілді. Білім беру сапасы мен білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайына аса мән беріледі. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 2700 орындық 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Қазан айында Семейде «KAZ Minerals Management» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жеке қаражаты есебінен 1200 орындық IT мектеп пайдалануға берілді. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен тағы 6 шағын жинақталған мектеп және 2 700 орындық жұмыс істеп тұрған мектептерге 6 қосымша құрылыс салынатын болады.

Облыс құрылған уақыттан бері аймақта 11 спорт нысаны пайдалануға берілді.

Жыл соңына дейін Үржар ауданының Жаңай, Егінсу, Бестерек, Елтай ауылдарында тағы 4 спорт залы ашылады. Семейде 12 500 орындық стадион салу жоспарда бар. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Қала Тұрғыны

30 мың тұрғыны бар Шығыс кентінің оң жағында күн сайын күндізгі 10-да жарық сөнеді де кешкі 5-те ғана қайта қосылады. Бұл ақылға мүлде қонбайды, тамыз айынан бері осылай жалғасып келеді.

НҰРБОЛ НҰРСАҒАТОВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ

Шығыс кентінің оң жағындағы электр желілерінде үлкен мәселе барын білесіздер. Қазір электр желілерін жаңарту бойынша БЭСК-пен бірлескен жұмыстар жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін тиісті электр қуаты болған жоқ. Біз 11-ден 5-ке дейін немесе 4-ке дейін жарықты өшіреміз деп әрдайым ескертеміз. Уақытында қосамыз. Жаңа жылға дейін жарық сапасын жақсарту мәселесі шешімін табады.

Тұрғындар ауыз су, жарық, жол және тазалық мәселелеріне қатысты көптеген сауалдарын жолдады.

Қала тұрғыны

Мен өзім Орал көшесі жатақханасында тұрамын. Сол жатақханада тұрған жерім өте лас. Ең бірінші байлық денсаулық дейді. Денсаулығымызды сол жатақхана алып кетіп бара жатыр, ешқандай да жауапкершілік жоқ.

Нұрбол Нұрсағатов – Семей қаласының әкімі

Оны Уральская общежитияның жағдайын біз жақсы білеміз. Кезінде біз жилищный инспекция арқылы тиісті шаралар қолданған болатынбыз. Ертең мен ол общежитияға бірге келемін тиісті мамандармен. Біз тиісті сөйлесулер жүргіземіз.

Кездесу соңында облыс әкімі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Ақбота Бияхмет