Биыл мәдениет және өнер қызметкерлеріне көрсетілген құрмет өзгеше. Тұңғыш рет Абай облысы әкімінің «Руханият - 2025» сыйлығы табысталды. Өңірдегі өнердің өркендеуіне, мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген үздіктерді облыс әкімі Берік Уәли марапаттады.


Аймақтың басшысы құттықтауын Ақордадан жеткен ақжолтай жаңалықтан бастады. Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйінің меңгерушісі Шағжан Исабаев «Құрмет» орденін кеудесіне тақса, Абай атындағы кітапхана Астанада өткен республикалық «Рухани қазына – 2025» фестивалі аясында «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» атағын иеленіп, бүкіл еліміздегі кітапханалар ішінде гран-при жеңіп алды.


Берік Уәли – Абай облысының әкімі


Бұл биылғы Ұлы Абайдың 180 жылдығы қарсаңында біздің өңірдің өнері мен мәдениетіне көрсетілген мәртебелі марапат және зор құрмет. Семей топырағы - әдебиет пен мәдениеттің, өнер мен өлеңнің туын көтерген тау тұлғаларды тудырған, киелі мекен.


Киелі мекенде кенжелеп қалған бір сала болса, осы – мәдениет пен өнер еді. Қазір тамырына қайта қан жүгіре бастағандай. Ауылда қалтарыста қалған кітапхана, кетеуі кеткен клубтар күрделі жөндеуден өтеді. Керек – жарағы түгенделеді. Салаға серпін беру - басты басымдық. Мәдениет – ұлттың бейнесі мен болмысы емес пе?! Сондықтан болар, облыс әкімі аудан мен ауылға барғанда міндетті түрде мәдениет мекемесіне аялдайды.


Берік Уәли – Абай облысының әкімі


Абай ауданындағы Қарауыл ауылындағы мәдениет үйі жөнделіп, көрермен залы қазіргі таңда жаңартылуда. Ақсуат ауданында жаңа мәдениет үйін салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Мақаншыдағы «Інжу-Маржан» ән-би ансамбліне аспаптар мен сахналық киімдер алу үшін тиісті қаражат бөлінді. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры арқылы 30 ауылдық кітапхана «Кітап LAB» жобасы аясында қайта жаңғыртылады.


Маңдайы жарқырап марапат алғандардың қай-қайсы болмасын өңір мәдениетінің дамуына үлесіп қосып жүрген жандар. Үржар ауданының мәдениет үйінің директоры Қанат Сәтмұхамбетовтің Барқытбелдің күнгейінің мәдениетіне маңдай терін сыпырып жүріп еңбек етіп келе жатыр. Еңбегімнің еленіп жатқаны, елдің мерейі, дейді ол.


Қанат Сәтмұхамбетов – Үржар аудандық мәдениет үйінің директоры


Мынау менің жүрек тұсыма тағылған «Мәдениет саласының үздігі» бұл халқымның бірінші марапаты деп есептеймін. Өйткені, бұл қасиетті өнер. Халықтың арасында жүрген соң, бізді халық көтерді. Сондықтан, халқыма рақмет, ел – жұртыма рақмет, осы марапат халқымдікі деймін. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін өңіріне таққан өнер иесінің бірі – Ғалымбет Тасболатов. Ғалымбет Тасболатов – «Дариға-ай» жастар театрының актері


Бүгінгі мінекей «Руханият - 2025» мәдениетке еңбек сіңіріп жатқан азаматтардың бәрін бүгін еңбектерімен құттықтап жатыр. Өте ризамыз, қуаныштымыз. Еңбегімізді бағалайтын халық қой негізі. Халқымыз аман болсын.

Иесін тапқан марапат. Бөрілідегі Мұхтар Әуезов музей-үйінің меңгерушісі Шағжан Исабаев Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденін кеудесіне тақты. Ақордада Президенттің қолынан марапат алды.


Шағжан Исабаев - Мұхтар Әуезов музей-үйінің меңгерушісі


Елдің мақтанышы, елді құрмет деп білемін, елге деген сый - сияпат. Мәдениетіміз биіктей берсін, мәртебеміз жоғарылай берсін.

Аймақ басшысы облыстың өнерін өрге сүйреп, дамытуға үлес қосып жүрген өнер иелеріне «Руханият - 2025» сыйлығын 18 аталым бойынша табыстады. Бәрі де марапатқа лайықты. Өйткені, өнер деген қазанда әркімнің қайнауға қақысы бар.


Ерзат Жанатұлы