Бүгін мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Абай облысында 296 мәдениет мекемесі халыққа қалтқысыз қызмет етіп тұр. 137 кітапхана, 131 клуб, 10 музей, 9 архив, театр және филармонияда 3 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өңірдің рухани дамуына және бай мәдени мұрасын дәріптеуге сүбелі үлес қосып жүрген жандар үшін бүгін айрықша күн, айтулы мереке.
Театр – мәдениеттің ордасы. Еркебұлан Әбдірахманұлының театр сахнасында жүргеніне ширек ғасырдан асты. Бағына, бақытына орай көрерменнің жүрегіне жол тапқан бірқатар басты рөлдерді сомдады. Өнерге адал. Сахнаның киесін біледі
Еркебұлан Әбдірахманұлы – «Дариға-ай» жастар театрының актері
Мен өзімді бақытты актер ретінде есептеймін. Неге? Себебі, репертуардың көп жеріндегі басты рөлдер маған бұйырған екен. Осыған қатты ризамын. Енді эпизодтық рөлдеріміз де бар. Кейінгі кезде режиссураға бет бұрып, сол жағына кішкене қызығушылығым ашылып, «Дариаға-ай» жастар театрының қорына 3-4 қойылым кіргізген тағы еңбегім бар.
Иә, өнерге өзгеше қолтаңба қалдырғысы келетін өнер иелері бар өңірде. Соны леп, жаңа жоба жасасам дейтін жастар да жетеді. Қолбайлау бар. Мәселен, Семейде 530 орындық жалғыз театр үш ұжымға бірдей қызмет етеді. Театр тарлығы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан да көтерілді. Енді жаңа театр салынса, сахна саңлақтарының бөркін аспаннан көреміз-ау.
Ербол Жуасбек – Абай атындағы театрдың директоры
Үш театрымызда да тамаша, жүректері өнер деп соққан, сахнаға шыққанда тыныстары ашылатын, көрерменнің алдында көңілдері шат болатын керемет қыздарымыз бен жігіттеріміз бар. Осы өнерге өмірлерін арнап, 40 жыл, 50 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан аға - апаларымыз бар. Ертең осы ұжымдардың әрқайсына өзінің жеке, бөлек сахна алаңы пайда болған кезде, әрине біздің жұмысымыз бұдан да жандана түсетініне ешқандай күмәніміз жоқ.
Мәдениет саласында облыста ауқымды жұмыстар басталады. Тозып тұрған мәдени мекемелер жөнделеді, жоғы түгенделеді. Ең бастысы - Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай, Мемлекет басшысының қолдауымен «Абайға құрмет» республикалық акциясы арқылы айтарлықтай һәм ауқымды жұмыстар жүреді.
Олжас Соғымбай –Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары
Күні кеше облыс әкімі Берік Уәлиұлының даму жоспарын жариялағанда облыс орталығынан бой көтеретін шағын ауданда жаңадан құрылатын жаңадан мәдениет мекемелері – драма театр, көрме орталығы, жаңа музей ғимараты, облыстық кітапхананың жаңа ғимараты және филармонияға арнайы концерттік зал салу, жалпы, облыстың алдағы даму жоспарында осы «Абайға құрмет» акциясы аясында жүзеге асырылатын болады.
Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең. Ұлттың болмысы мен ар-ұяты да өнер мен мәдениетте. Жоғарыда айтылған ауқымды жұмыстар өңірдегі осы саланың өркендеуіне серпін берері сөзсіз.
Ерзат Жанатұлы