Әуежайды басып алу, жолаушыларды кепілде ұстау, террористермен күрес. Бұл Семей әуежайындағы ауқымды жаттығудағы оқиға желісі. Қылмыскерлер бейбіт азаматтарды ұстап, өз талаптарын қойған еді. Оқиға қалай өрбіді? Арнайы қызметтер тапсырманы еңсере алды ма? Бірге көрейік.
Әуежай аумағында ведомствоаралық жаттығу өтті. Мамандар террористік әрекетке ыңғайлы нысандардағы шұғыл қызметтердің іс-қимылдарын пысықтады. Оқу – жаттығу кезінде автокөлік қозғалысына шектеу қойылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Өйткені қарулы топ әуежай ғимараты мен жолаушылар ұшағын басып алды. Бейбіт тұрғындар кепілге алынды. Террористер әуежайдағы сыбайласын босату, ұшаққа жанармай құю және үлкен қаражат беру шарттарын алға тартты
Оқиға орнына арнайы мемлекеттік органдар, полиция, апатты - құтқару қызметтері, жедел медициналық көмек, Қорғаныс министрлігі, сондай-ақ «Бүркіт», «Арлан» арнайы бөлімшелері, арнайы операциялар жүргізетін күштер шұғыл жетті.
Айдана Қозыбаева - Абай облысы ПД ақпараттық саясат басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы
Жаттығудың шарықтау шегі - арнайы операция болды. Бөлімшелердің жауынгерлері аэровокзал мен әуе кемесінің ғимаратына бір мезгілде шабуыл жасап, кепілге алынғандарды босатып, барлық террористерді тұтқынға алды. Үйлесімді жұмыс нәтижесінде ешкім зардап шеккен жоқ.
Оқу - жаттығу сәтті аяқталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар өзара іс-қимыл алгоритмдерін пысықтап қана қоймай, барлық қызметтердің қауіп жағдайдағы дайындығын пысықтауға мүмкіндік берді.
Ерзат Жанатұлы, Әсел Айдар