Абай облысында дәстүрлі өнерге деген ерекше құрметтің айғағы болған тағылымды шара өтті. Бородулиха аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның халық әртісі, әнші Мәдениет Ешекеевтің құрметіне арналған «Қазақтың дара дарыны» атты республикалық дәстүрлі әншілер байқауы ұйымдастырылды.
Байқауға еліміздің әр аймағынан 18 бен 35 жас аралығындағы 24 өнерпаз қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезеңде қатысушылар халық әні, халық сазгерлерінің шығармасы және Абай Құнанбайұлының бір әнін орындаса, екінші кезеңде- Мәдениет Ешекеевтің репертуарынан бір туынды шырқады.
Жасұлан Тілеубайұлы- Облыстық Мәдениет және халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары
Мәдениет Ешекеев атындағы республикалық дәстүрлі әншілер байқауы Абай облысы құрылғаннан бері алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Байқаудың басты мақсаты – еліміздегі дәстүрлі әншілерді қолдау және ұлттық ән өнерін одан әрі дамыту.
Байқауға еліміздің белгілі өнер қайраткерлері, дәстүрлі өнердің майталмандары қазылық етті.
Рамазан Стамғазиев- Қазақстанның халық әртісі
Байқауға келіп жатқан жас буын – кезінде Мәдениет Ешекеев салған сара жолдың жалғастары. Олар ұлы әншінің жауһар туындыларын өздерінің жас жүрек үнімен сахнада шырқап жатыр. Қаншама талантты жастарды көріп, қуанудамыз. Әрине, бұл – байқау, сондықтан да өнері өзгеден оқ бойы озық, дауысы анық, сахнада өзін еркін ұстайтын, өнер мен әннің қадір-қасиетін терең сезінетін жастардың арасынан үздігін іріктеп, жеңімпаз ретінде марапаттасақ деген ниетіміз бар.
Байқауға қатысушылардың арасында Қарағанды қаласының тумасы, қазір Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде дәстүрлі ән кафедрасының 3-курс студенті Рустам Жүсіпов те бар. Ол сахнада ұлттық нақыштағы орындау шеберлігімен көрермен мен қазылар алқасының ықыласына бөленді.
Рустам Жүсіпов- Байқауға қатысушы
Бородулиха ауданында қазақ еліне есімі кеңінен танымал, асыл өнеріміздің майталманы Мәдениет Ешекеев атамыздың құрметіне республикалық деңгейдегі үлкен байқау өтіп жатыр. Бұл жарысқа еліміздің әр өңірінен, түрлі оқу орындарынан таңдаулы, жүйрік әншілер жиналған десек артық емес. Байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мен бұл байқауда Ақан серінің «Құлагер» әнін орындадым — бұл әнді кезінде Мәдениет ағамыздың өзі де шырқаған. Сонымен қатар Біржан салдың және «Ләйлім шырақ» сияқты әндерді де орындап жатырмыз. Әр кезеңде үш-үштен ән айту керек.
Бұл байқау - дәстүрлі ән өнерінің өрісін кеңейтіп, жас таланттардың жолын ашатын маңызды мәдени шара. «Қазақтың дара дарыны» байқауында бас жүлде иегері Астана қаласынан келген Айдос Саниязбекұлы атанды.
Арайлым Әлиханова