Семейде кейінгі жылдары тұрғын үй құрылысы қатты қарқын алуда. Мереке сайын қоныс тойларын тойлау дәстүрге айнала бастады. Қала күні аясында пәтер кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға Цементшілер кентінде пәтер кілттерін табыс ету салтанаты өтті. Ал тамыз айында 237 отбасы қоныс тойын тойлаған болатын. Бұл жолы жаңа баспана иесі атанған тұрғындарды қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов құттықтады.

Қала күні аясында 20 отбасы баспаналы болды. Семей күнімен тұспа-тұс келген мерекеге пәтер иелері ерекше риза. Көптен күткен баспаналарына осындай тамаша күні қол жетізді. Бұл – мемлекетіміздегі әлеуметтік әділеттіліктің жарқын көрінісі, халқымыздың тұрмыс жағдайын жақсарту жолындағы игі қадам, - деді Нұрбол Нұрсағатов.

Нұрбол Нұрсағатов – Семей қаласының әкімі

Осы жылы еліміздің Президентінің қолдауымен қаншама пәтер беріп жатырмыз, өздеріңіз көріп тұрсыздар. Сондықтан да бұл қарқын әлі де жалғаса беретін болады. Осы жылы ғана 77, 237, міне, тағы 20. Жылдың аяғына дейін тағы береміз. Салыстыратын болсақ, мысал үшін, ана жылы біз 237 бердік, одан алдыңғы жылы бар-жоғы 70-80 пәтер берілген болатын. Қазір осы қарқын алып келе жатыр.

Тұрғын үй кешені қаланың сол жағалауында орналасқан. Заманауи тұрғын үй кешенінде жайлы тұрмыс үшін барлық жағдай жасалған: пәтерлер заманауи стандарттарға сай және мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы. Артықшылықтарының қатарына ойын және спорт алаңдары, ақылды есік қоңырауы, код құлпы және т.б. кіреді. Ондаған жылдар бойы кезекте тұрып, баспанаға қол жеткізген тұрғындар облыс және қала басшылығына өз ризашылықтарын білдірді.

Айжан Тайтенова – Қала Тұрғыны

13 жыл тостық, 2011 жылдың январынан бастап очередьке тұрдық. Сонымен тосып отырдық 13 жыл, әйтеуір бұырды.Әкімге рақмет деп айтамын. Оның алдында берілді ғой неше квартира. Тосып отырдым, береді ме жоқ па деп.

МАЙРА ҚАЛИЕВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Мына бүгінгі празникқа қарсы қуанышты болып жатырмыз. Қаланың әкіміне, үй беретін қыздарыма бәріне рахметімді айтамын. Бүгін мына қаланың празднигында бізді қуанышқа бөлеп жатыр. Біз сияқты аналарын. Мен енді 17 жыл тұрдым. Енді бүгін міне орындалды деп жатырмын қуанышым, очередім келіп.

Мемлекеттік жобалар мен облыс тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында Семей қаласында үй құрылысы қарқын ала түсті. Жаңа үйлерден әлеуметтік топтағы тұрғындарға пәтер берілуде.