Биыл жыл басынан бері облыс аумағында 664 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның 168-і трассаларда қараусыз жүрген малдарға қатысты болды. Абай облыстық полиция департаменті мал иелерін жануарларын қараусыз қалдырмауға шақырды. Жолдардағы иесіз мал жол апаттарының 30 пайызына себеп болуда. Осы жылдың басынан бері облыс жолдарында 168 көлік малға соғылып, жол-көлік апаты орын алған. Бұл жағдайлардан 1 адам қаза тапса, 19-ы жарақаттанды. Жолға мал жібермеу, жануарларды бағу тәртібін бұзбау туралы тұрғындарға үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өйткені облыста мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар көп. Қазіргі күні 2 млн-нан астам мал тіркеуде бар.
Бауыржан Садақбаев - Абай облысы полиция Департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 408- бабының 2 бөлігі бойынша 168 хаттама толтырылып, оның ішінде анықталған мал иелеріне 114 хаттама толтырылды, қалған 54 факті ауыл шаруашылығының сәйкестендіру базасында мәліметтердің жоқтығынан жануарлар иелері анықталмаған.
Облыс аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын уақытша ұстауға арналған 110 арнайы тұрақ бар. Биыл 8 айдың ішінде иелерінің қарауынсыз қалған 4820 бас арнайы орынға орналастырылды. Қазір патрульдік полиция ротасы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қала маңындағы тас жолдарда патрульдік автомобильдер мен малдардың 18 моделін орнатты.
Мерхат Берекбұлов - Абай облысы полиция Департаменті патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары
4 қала маңындағы тас жолдарда талдауға сәйкес апаттық 8 участке анықталды. Оның ішінде әріптесім айта кеткендей 18 модельдік макеттер орнатылған. Бұл ескерту белгілері болып есептеледі. Сонымен қатар тас жол бойында орналасқан шаруа қожалықтары иелерімен түрлі бөгеттер орнатылған.
Естеріңізге сала кетсек, иелері малдарын қарусыз қалдырған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Малдардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі түнгі уақытта орын алатындықтан үй жануарларының мойнына арнайы жарық шағылыстыратын элементтерді тағу қажет, деді мамандар.
Арайлым Әлиханова