Жаз мезгілі жемістер мен көкөністер, бақша және жидектердің маусымы. Өнімді алар кезде біз оның сапасына ерекше назар аударамыз. Жеміс-көкөніс дақылдарының тез өсуі үшін фермерлер нитраттарды тыңайтқыш ретінде жиі пайдаланады. Осыны анықтау үшін қала базарларында "Қауіпсіз өнімді таңдаңыз" акциясы өтті. Оның барысында мамандар жемістер мен көкөністерді нитраттардың құрамына тексерді. Нитраттар-азот қышқылының тұздары, олар тыңайтқыштардың бөлігі ретінде топыраққа, жер асты суларына түседі, содан кейін тамыр мен жеміске сіңеді. Адам ағзасына енген кезде нитраттар азот қышқылының тұздарына, нитриттерге айналады да көп зиян тигізеді. Сондықтан құрамында нитраты жоғары тағамдарды, көкөністер мен жемістерді жеген кезде адам уланып қалуы мүмкін. Осыны кәсіпкерлер мен сатып алушыларға түсіндіру мақсатында "Қауіпсіз өнімді таңдаңыз" акциясы өткізілді. Кез-келген адам өнімді сатып алып, оны тегін тексере алды.

Айгерім Мұсатаева Абай облысы ДСЭК тамақтану нысандарын бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы

Әрбір жеміс үшін нитраттар жиналатын орын бар. Мысалы, егер бұл қарбыз немесе қауын болса нитраттардың жоғары мөлшері оның қабығының астында болуы мүмкін. Егер картоп болса, бұл қабығы. Қияр, цуккиниде - сабақтың жеміске жалғасқан жеріне жиналады. Нитраттармен уланудың алдын алу үшін бұл бөліктерді пайдаланудан бас тартып, оларды кесіп тастаған дұрыс. Сондай-ақ, түске ерекше назар аудару керек. Егер жеміс, көкөністің түсі айқын түске ие болса, мысалы қарбыз ашық қызыл түс немесе тіпті күлгін болса, оны сатып алудан бас тартқан дұрыс

Маманның айтуынша, ашық ауада өсірілген көкөністерді таңдауға тырысу керек. Сондықтан маусымдық жемістерге артықшылық беру қажет. Акция барысында қарбыз, қауын, жүзім, таңқурай, бұрыш және басқа да жеміс-көкөніс дақылдарының 20-ға жуық үлгісі іріктелді. Әсел Килазиева базарда көкөністер мен жеміс сатады. Оның айтуынша, санитарлық қызмет мұндай тексерулерді жиі жүргізеді. Кәсіпкер ретінде оған өнімнің сапасын білу өте маңызды.

Әсел Килазиева Кәсіпкер

Маусым бойынша жұмыс істегенде, СЭС келіп, бізді үнемі тексеріп отырады. Біз де өз сататын өнімдеріміздің сапасын білгіміз келеді. Қытайдың тауары ма, дала өнімдері ме, ауылшаруашылық тауарлары ма бәріне қатысты. Оларда нитраттар бар ма, жоқ па. Біз не жейміз, балаларымыз не жейді, сатып алушылар не жейді , бұл сұрақтар да бізді ойландырады.

Көкөністер мен жемістерді таңдағанда, мөлшеріне, түсіне және қабығына назар аудару керек. Егер өнімнің үлкендігі орташадан әлдеқайда ірі болса, бұл сатып алудан бас тартуға себеп болады, дейді мамандар. Тексерудің бірінші күні мөлшерден жоғары нитраты бар өнімдер анықталған жоқ.

Нұргүл Садықова