Семей медицина университетінің басқарма төрағасы - ректор Алтай Дюсупов білім ордасының ұжымы мен өңір жұртшылығының алдында есеп берді. Ол жыл ішінде атқарылған жұмыстар, іске асырылған жобалар, қол жеткізілген нәтижелер мен келесі жылға арналған жоспарларды жеткізді.
Семей медицина университетінің басқарма төрағасы – ректор Алтай Дюсупов университет қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді. Даму стратегиясына сәйкес университет биыл Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі нұсқасы бойынша «Үздік медициналық жоғары оқу орны» атанып, 1-ші орынды иеленді.
Алтай Дюсупов – «Семей медицина университеті» КЕАҚ басқарма төрағасы-ректор
Біздің негізгі стратегиялық бағыттарымыз білім беру бағдарламаларын жетілдіру, зерттеу университеті мәртебесін алу, әлемдік рейтингтерге кіру, халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, ауқымын әрі қарай кеңейту. Тағы бір басқа мәселе инфрақұырылымды жақсарту және басқа да көптеген мәселелер.
Университет 2029 жылға дейінгі Халықаралық институционалдық аккредитациядан және Ғылыми қызметті аккредитациядан сәтті өтті. Жоғары оқу орнының биылғы үлкен жетістіктерінің бірі, профессорлық клиниканың ашылуы. Қала мен аймақ тұрғындары университет профессорларына жазыла алады.
Мерхат Аққалиев - Урология кафедрасының ассистенті
Биыл біз көптеген жетістіктерге жеттік. Біздің университет мамандары қабылдау жүргізетін профессорлық клиникамыз ашылды. Студенттер қатары көбейіп, жыл сайын өсіп келеді. Біз резидентура бойынша дәрігерлік мамандықтарды кеңейттік. Алға үлкен жоспарлар бар.
Болашақ дәрігерлерді даярлау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Семей медицина университетінде 6500-ге жуық студент оқиды. Профессорлық-оқытушылық құрамда 450 қызметкер бар. Сондай-ақ, жоғары оқу орнында әлемнің 15 елінен келген 1000-нан астам шетелдік студент білім алады.
Камила Барлықбаева - студент
Өзімізге керекті оқу, білім барлығы жақсы сапада болып жатыр. Мен осы Семей медициналық университетін таңдауымның себебі бұл жақтың оқуы жақсы. Яғни, мен Алматы қаласынан келіп өз қалауыммен оқуға түстім. Және бізге білім бағдарламасы барлығы көңілімізден шығып жатыр. Студенттердің барлығы практикалық сабақтарға да, теориялық сабақтарға да көңілдері толы.
2023 жылдың 31 наурызынан бастап университеттің стоматологиялық клиникасы жұмыс істейді. Клиника ересектер мен балалар үшін әлеуметтік бағамен қызмет көрсетеді. Ол қаладағы тәулік бойы стоматологиялық көмек беретін жалғыз клиника. 2025 жылдың қаңтарында компьютерлік томография және 3D диагностика кабинетін іске қосу, ортодонтия кабинетін ашу жоспарланып отыр.