Мемлекет басшысының жыл басында «Ана тілі» газетіне берген сұхбаты мемлекеттік мәселелерге жан-жақты шолу жасап, алдағы мақсаттарды айқын көрсетуімен ерекшеленді. Осыған орай, жарыққа шыққан сұхбат Абай облысы жастары арасында қызу талқылануда.

Президентіміз өз сұхбатында «Еліміздің тағдыры – жастардың қолында. Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз», - деп атап өтті. Жастар мәселесі, олардың болашағы мен қоғамдағы орны елімізде қашанда маңызды. Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру, оларға қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Жастардың шетелде білім алуына қолдау көрсетіле бермек. Оларға халықаралық «Болашақ» стипендиясы арқылы жас ғалымдардың шетелдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалған.

Айдос Төлеуханов – «Абай жастары» жастар ресурстық орталығының директоры

Өз басым сұхбатты оқыған кезде жастар туралы не айтады екен деген үлкен ой болды. Себебі, Абай облысындағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудамыз. Осы жолғы сұхбатында да елімізде жасалып жатқан реформалардың барлығы ол жастар үшін деп айтып өтті. Яғни, болашақ үшін жасалып жатқан дүние деді. Бұл елдің болашағы жастар үшін үлкен маңызды деп ойлаймын. Өйткені, біздің қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстарымыздың барлығы, егер де биліктен қолдау болса, басшылықтан қолдау болса, жастар үшін үлкен ұмтылыс болады деп ойлаймын болашаққа.

Облыста 150 мыңға тарта жас бар. Ол халықтың 25% құрайды. Мәселен, былтырғы жылы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облысымыздың 20 мыңға жуық жасы бір адамдай қатысып, өз үлестерін қосты. Сондай-ақ, волонтерлік бағытта да жастар белсенділік танытты. Қазіргі таңда тіркелген еріктілер саны 4,5 мың адам.

Ерсінбек Өрлеубек – «Абай жастары» жастар ресурстық орталығының сектор меңгерушісі

Қазіргі таңда тіпті, қарапайым өзіміздің қаламызды алып қарайтын болсақ та, жастарға көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Жастар тек қана сол мүмкіндікті жақсы пайдаланып, сапалы білім алып, саналы ұрпақ болып қалыптасып, елімізге қызмет етуі керек деп ойлаймыз. Мемлекет басшысының өзі осындай жастарға сеніп, жастарға қолдау білдіріп отырғанда, жастарға тек қана жұмыс істеу керек деп білеміз.

Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Осы орайда Президентіміздің жастарға мол сенім артып отырғанын айқын көруге болады.