Облыстық Абай атындағы театрда Қазақстан Республикасының көрнекті мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Отантай Кәрібжанұлының 80 жылдығына арналған «Өмір өрнектері» атты кеш өтті. Іс-шараға Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, мәдениет саласының ардагерлері мен қалалық өнер ұжымдары қатысты.
Отантай Кәрібжанұлы еңбек жолын 1965 жылы бастап, еліміздің мәдениет, өнер және білім саласының дамуына зор үлес қосты. Абай атындағы облыстық театрда 20 жыл қызмет еткен жылдары үлкен шығармашылық табыстарға жетіп, өзін іскер ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде көрсете білді. Соның ішінде жас мамандармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлді. Оның жетекшілігімен театрдың шығармашылық ұжымы республикалық театр институты мен консерватория түлектерімен толықты. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев мерейтой иесін құттықтап, оның қазақ мәдениетінің дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
НҰРЛАН ҰРАНХАЕВ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Құрметті, Отантай Кәрібжанұлы, елге сыйлы, халқына қадірлі азаматтардың ортамызда жүргенінің өзі бізге мереке. Дана Абайдың мұрасын дәріптеп, кейінгі толқынға жеткізудегі еңбегіңіз өлшеусіз. Осындай шуақты да, жаңбырлы күні Сізге және отбасыңызға денсаулық, мол бақыт тілеймін. Абыройдың биігінен түспей, туған халқыңыздың сый-құрметіне бөленіп жүре беріңіз.
Отантай Кәрібжанұлының 80 жылдық мерейтойына арналып ұйымдастырылған мерекелік концерт өнер иелерінің алаңына айналды. Театр актерлері Отантай Кәрібжанұлының өмірі жайында баяндайтын театрлық қойылым қойса, мың бұралған бишілер жиналған қауымды өнерімен тамсандырды. Ал көрерменнің құлақ құрышын алыс-жақын жерлерден ат басын Семейге тіреген опера әншілері қандырды. Барлығы ел ағасына деген өздерінің жылы лебіздерін тіледі.
МЕДЕТ ШОТАБАЕВ – АСТАНА ОПЕРА ТЕАТРЫНЫҢ ӘНШІСІ
Бүгін мына мерейтойға келіп тұрмын. Туған жеріме, туған қалама, туған еліме. Бүгін осы Отантай ағамыздың мерейтойы, 80 жасы құтты болсын. Барлық жақсылықты тілеймін бұл кісіге, 100 жасасын. Бүгінгі концертте «Айттым сәлем, Қаламқас» деген әнді орындап бердім.
Отантай Кәрібжанұлы 1999-2011 жылдар аралығында Мұқан Төлебаев атындағы Семей музыкалық колледжінің директоры қызметін атқарды. Оның кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында колледж симфониялық оркестр, қазақ халық аспаптар оркестрінің және хордың кең және алуан түрлі репертуарын дайындады. Осы уақыт ішінде колледжді 515 маман бітіріп, оның 186-сы алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқуын жалғастырды. Қалғандары түрлі мәдениет және өнер мекемелерінде табысты еңбек етуде.
ОТАНТАЙ КӘРІБЖАНҰЛЫ – ҚР КӨРНЕКТІ МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ
Бүгінгі іс-шара, өздеріңіз байқап тұрғандай, менің туғаныма 80 жыл бүгін. Сол 80 жылдың ішінде менің өнерге, мәдениетке, әдебиетке деген өзімнің еңбегім сіңді деп ойлаймын. Өйткені, менің жұмыс стажым 55 жыл. Осы 55 жыл ішінде өздеріңіз тұрған қасиетті қара шаңырақ Абай атындағы музыкалық-драма театрында, осы ғимаратты салып, осында мен 20 жыл Абай театрын басқарған адаммын. 20 жыл мен істеген жұмысымның ішіндегі ең шоқтығы биік, театрдың шыңға шыққан кезеңдері деп айтуға болады.
Отантай Кәрібжанұлы «КСРО Мәдениет министрлігінің үздігі», «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» төс белгілерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» және «Ыбырай Алтынсарин» медальдарымен марапатталған.
СҰЛТАН ЖОЛАМАНОВ