Облыс әкімі Абай Нұрлан Ұранхаев Бесқарағай ауданының тұрғындарымен кездесіп, аймақтың негізгі көрсеткіштерімен таныстырды. Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, бірқатар нысанды аралады. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев кездесуде Абай облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар туралы да есеп берді. 2026 жылға дейін облыста 800 шақырым жол жөндеу жоспарланған. Бұл мақсаттарға шамамен 30 млрд теңге бөлінді. Облыста су құбыры желілерінің 51% тозған. Осыған байланысты 46 жобаны іске асыру көзделген. Өткен жылдан бастап 27 жобаның құрылысы қолға алынды. 2026 жылға дейін 92 сумен жабдықтау нысанын жаңарту жоспарлануда. Облыс әкімі аймақ әлеуетіне шағын бизнестің дамуына тоқталды.
НҰРЛАН ҰРАНХАЕВ АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бесқарағай ауданында аграрлық секторының көрсеткіші жоғары. 2024 жылы шаруа қожалықтарының саны 587 -ке жетті. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы биыл 52 мың га болды. Бесқарағай ауданының табиғаты демалуға қолайлы. Сондықтан туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Осыған байланысты, Шошқалы көлінде балшықпен емдеу ғимаратын салу жоспарлануда.
ТАЛҒАТ МҰРАТОВ БЕСҚАРАҒАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Бесқарағай ауданында 2 қонақ үй, 1 «Елімай» демалыс базасы бар. Аудан аумағында мектеп жанындағы 2 балалар сауықтыру лагері орналасқан. Шошқалы көлінің жағалауындағы ауданда туризмді дамыту шеңберінде "Asia Trade" ЖШС 2024-2025 жылдарға арналған балшықпен емдейтін және демалыс аймағы бар шипажай салуды жоспарлап отыр, алдын ала құны 4,5 млрд теңге.
Сонымен қатар, өңір басшысы Бесқарағай ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысында өңір басшысы азаматтарды жеке қабылдады. Сондай-ақ, облыс әкімі Бесқарағай колледжінің базасында орналасқан жылыжайда болды. Ауданы 510 шаршы метр және биіктігі 5 метр жылыжай ғимараты оқу-өндірістік зертхана ретінде пайдаланылады. Мұнда гүлдердің 8 мың түрі, сондай-ақ қияр, қызанақ, бұрыш, баклажан және салат жапырақтары өсіріледі. Облыс әкімі баскөл ауылдық округінің Қарағайлы ауылындағы "BА Agro Group" ЖШС компаниясының қызметімен танысты. Шаруашылық өсімдік шаруашылығы, дәнді және майлы дақылдар егумен айналысады. Сапар қорытындысы бойынша аймақ басшысы аудан әкіміне және тиісті бөлімдерге барлық жобалардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
НҰРГҮЛ САДЫҚОВА