Шомылу маусымы басталғалы облыста 1 қайғылы оқиға тіркелді. Аягөз өзеніне 9-сынып оқушысы батып кетті. Судағы қайғылы жағдайлар өкінішке орай жыл сайын тіркеледі. Өткен жылы 15 адам суға кеткен. Оның үшеуі бала. Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері: қауіпсіздікті сақтамау, балаларды қараусыз қалдыру және өзінің мүмкіндігін ескермеу. Бұл туралы облыстық ТЖД бастығының орынбасары Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

Абай облысының ТЖД ақпараты бойынша өңір аумағында жаппай демалуға арналған 8 орын, оның ішінде 4 коммуналдық жағажай белгіленген. Олар Семей қаласында «Заря» және «Пристань» ауданында орналасқан қалалық жағажай, Бесқарағай ауданындағы - Шошқалы мен Мақаншы ауданындағы Алакөл. Курчатов қаласы және Бородулиха ауданында коммуналдық жағажайлар ашу жұмыстары жүргізілуде. Облыстың өзен-суларына шомылуға тыйым салынған 70 орын, сондай-ақ шағын көлемді кемелердің жүзуге тыйым салынған 2 жер анықталды. Шомылу маусымы басталғалы 500-ден астам рейд өткізілген.

АЗАМАТ ОРЫМБАЕВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, қайықтарда 8 құтқару патруль кезекшілігі ұйымдастырылды, 28 жаяу патруль қойылды. Патрульдердің жүзу құралдарымен Александров ұштарымен, құтқару шеңберлерімен, құтқару желеттерімен, ысқырықтармен және дауыс орайтқыш құралдармен жабдықталған.

Рейдтік іс-шаралар барысында 412-бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке 15 адам тартылды. 10 ата-ана балаларын қараусыз қалдырған және 5 адам тыйым салынған жерлерде шомылған. Айыппұлдың жалпы сомасы 193 мың теңге.

АЗАМАТ ОРЫМБАЕВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Шомылу маусымының басталғалы бері атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, ағымдағы жылы Аягөз өзенінде 9-сынып оқушысы суға батып кетті және 4 адам су айдындарында құтқарылды. 2023 жылы шомылу маусымы кезеңінде, облыстың су айдындарында 15 адам суға батып кетті, оның ішінде 3 жасөспірім, 13 адам құтқарылған болатын. Статистика көрсеткендей судағы оқиғалар көп жағдайда адамның өзінің кінәсі, өз күштерін қатты бағалау, мас күйінде болу және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру нәтижесінде болды. Барлық адам өлімі шомылуға тыйым салынған жерлерде тіркелді.

Сонымен қатар, Азамат Орымбаев азаматтар мен ресми шомылу орындарының иелері үшін қауіпсіздік талаптарын айтты.

АЗАМАТ ОРЫМБАЕВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қоршау белгілерінен асып жүзбеңіздер, тамақ ішкеннен кейін бірден және мас күйде шомылмаңыздар, бейтаныс жерлерде суға түспеңіздер, көпірлерден, бөгеттерден, айлақтардан, қайықтардан суға секірмеңіздер. Тек рұқсат етілген жерлерде шомылыңыздар.

Жиын соңында Абай облысы ТЖД бастығының орынбасары азаматтарды су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.


АСЛАН ЕРТІСБАЕВ