Өңіраралық ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу аясында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Алматы қаласы мәслихатының депутаттарымен кездесті. Республикалық маңызы бар қаламен екіжақты ынтымақтастық біздің облыстың өкілді билігі үшін үлкен тәжірибе болмақ. 

Кездесуде облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласының тарихи маңызын атап өтіп, өңірдің құрылған кезінен бастап екі жылдағы жетістіктері туралы айтып берді. Инфрақұрылымды, білім беруді және денсаулық сақтауды дамытуға, сондай-ақ облыстың тұрақты экономикалық өсуі үшін инвестициялар тартуға ерекше назар аударылуда. Өңір басшысы табысты ынтымақтастыққа үміт білдірді.

НҰРЛАН ҰРАНХАЕВ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Әрине, біздің әріптестеріміз сөйлесіп, сұхбаттасып, тәжірибе алмасып, кішкене үйренеді деп ойлаймыз. Біздің жерлестеріміз ренжімесін, бірақ, Алматыдан бәріміз үйренеміз, бәріміз үлгі аламыз, мақтан тұтамыз, сондықтан барлығы жақсы болсын дегім келеді.

Іс-шара барысында облыстың кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Рүстем Ворошилов атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, өңірдің ірі кәсіпорындары туралы ақпарат ұсынды.

РҮСТЕМ ВОРОШИЛОВ – КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ -ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Жалпы, Абай облысының Семей қаласы ең жас облыстың әкімшілік орталығының бірі екенін атап өткен жөн. Біз бүгінгі күнге дейін Ресеймен солтүстікте және Қытаймен оңтүстік-шығыста шекараласпыз. Өңірде тарихи дамыған, тау-кен өнеркәсібі бар, жалпы өндіріс көлемі 2023 жылы жарты миллиард АҚШ долларына жетті.

Алматы қаласы мәслихатының өкілдері өз кезегінде жылы қабылдағаны үшін алғыстарын білдіріп, Семей қаласы туралы өз әсерлерімен бөлісті.

МЕЙІРЖАН ОТЫНШИЕВ – АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Осы қасиетті Абай облысын көрген өзімізде, қызығып жүргенбіз. Өзіңізбен, келіп көріскенімізге қуаныштымыз.
ДУЛАТ ТАСТЕКЕЕВ – АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Өздеріңізбен әріптес болып, болашақта меморандум арқылы, серіктес болуымыздың өзі үлкен ишара шаруа деп қабылдайық. Достығымыз нығая берсін, осы елдің ұлы ретінде, осы елдің азаматы ретінде әріптестерімнің сіздермен келіп, осындай жақсы іс-шараның бастап отырғаныма мен өте қуаныштымын.

Кездесу барысында Алматы қаласы мен Абай облысының мәслихаты арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл құжат тәжірибе алмасуға, өзара түсіністікті нығайтуға, мәслихаттар жұмысының тиімділігін арттыруға және азаматтардың мүдделерін білдіру кезінде олардың кәсібилігін арттыруға, сондай-ақ болашақта бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған. Осы меморандумды жасау ынтымақтастық пен даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, бұл екі өңір халқының өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етпек.


НҰРГҮЛ САДЫҚОВА