Қаламызда алғаш рет балалар арасында «Semey run kids» жүгіру жарысы өтті. Шара балаларды қорғау күніне арналды. Бейбітшілік аралында өткен жарысқа 100-ден астам бүлдіршін қатысты. «Semey run kids» марафоны қайырымдылық шара ретінде ұйымдастырылды. Оған қатысушылардың тіркеу жарналарынан жиналған қаражат ерекше балалардың спорттық қызығушылығын қолдауға бөлінді. Сонымен қатар параолимпиадалық «Тең мүмкіндіктер әлемі» балаларына 300 мың теңгелік сертификат табысталды.
БАУЫРЖАН ДҮЙСЕНБАЕВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Балаларды қорғау күніне арналған қаламызда «Semey run kids» жүгіру жарысы өтіп жатыр. Бұл жарысқа қаламыздың бүлдіршіндері қатысуда. Шамамен 100 ден аса бүлдіршін қатысуда. Бұл жарыс қаламызда алғаш өтуде. Осындай жарыстар бұйырса қаламызда ары қарай ұйымдастырылатын болады.
«Semey run kids» қайырымдылық жүгіру марафоны 200, 500,1000 метр қашықтыққа арналды. Балалар үш жас ерекшелігі бойынша жүгірді. Олар 3-5 жас, 6-9 жас және 10-12 жас аралығындағы жас спортшылар. Түсінбеушіліктің алдын алу учаскелерде бейнекамералар мен тайминг-менеджерлер, еріктілер қызмет етті.
МЕДҒАТ ДЕМЕЖАНОВ - СПОРТШЫ
Балалар күніне Семей ран клубының атынан балалар жүгірісін ұйымдастырып жатырмыз. Спорт денсаулық кепілі дейді. Балаларымызды салауатты өмір салтын сақтап, спортқа жақын болса деген оймен осындай шара ұйымдастырып жатырмыз. Балалар күнімен құттықтаймыз. Балалр бақытты да баянды ғұмыр кешсін.
Марафонға қатысушыларға түрлі тәтті тағамдар мен арнайы сыйлықтар, медальдар берілді. Ал жеңімпаз бүлдіршіндер алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Балалар ұйымдастырушыларға өз алғыстарын жеткізіп, осындай қызықты спорттық шаралар қалада жиі ұйымдастырылса деген ойларымен бөлісті.
ДАЛИЛЬ ШАХМЕТОВ – ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
Мен спортпен бала кезімнен айналысамын. Көптеген үйірмелерде болдым. Олардың арасында ең ұнағаны су полосы болды. Ал бұл жарыс менің көңілімнен шықты. Жарыс көңілді өтті және жүлделі орындар мен марапаттар көп болды.
АЛЬТАИР ШАХМЕТОВ – ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
Маған шар, медаль, балмұздақ және коктейль мен су берді. Мен енді спортпен тыңғылықты айналысатын боламын.
Бейбітшілік аралында өткен марафон қаламыздың жас өнерпаздары дайындаған мерекелік бағдарламамен жалғасын тапты.
АРУЖАН ТАУБЕКОВА