Әлемдегі экологиялық ахуалдың күннен күнге ушығуы қоршаған ортаға күтім керектігін, ресурстарды тұтынудың басқа жолын табуды, қалдықтармен жұмыс істеу мен экологияға жаңаша көзқарасты талап етеді. Экологиялық тәрбиені бала жастан қалыптастырғанның үлкен маңызы бар. Осыны ескере отырып, "Семей Орманы" мемлекеттік табиғи орман резерваты оқушылар арасында сурет байқауын өткізді.

Іс-шара "Семей Орманы" мемлекеттік табиғи резерватының аумағында өткен сурет байқауына 6 жастан 15 жасқа дейінгі 60 бала қатысты. Байқау "Саябақтар маршы" халықаралық табиғат қорғау акциясы аясында ұйымдастырылып, балаларды қорғау күніне орайластырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың мақсаты - балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту, олардың экологиялық санасын дамыту.

МАРИНА БУЛАТОВА – ҒЫЛЫМ, ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МОНИТОРИНГ ЖӘНЕ АҚПАРАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Бұл біздің бірінші іс-шарамыз емес, балалар оған алдын-ала дайындалады. Бүгінгі байқау 2 тәсілде өтеді – графика және кескіндеме. Балалар алдын-ала өтініш берді, олардың барлығы қатысты. Біз өткізетін барлық іс-шаралардың мақсаты-экологиялық тәрбие, балаларға табиғатқа деген сүйіспеншілікті ояту, ұқыпты қарауды дәріптеу.

Қазылар алқасы жұмыстарды үш негізгі талап бойынша бағалады: тақырыбына сәйкестігі мен көркемдік шеберлігіне мән беріп, баланың жас айырмашылығын ескерді. Қазылар алқасының мүшесі Анастасия Гусейнова байқаудың баланы шығармашылыққа баулуға ықпал ететінін атап өтті.

АНАСТАСИЯ ГУСЕЙНОВА – ҚАЗЫЛАР МҮШЕСІ
Балалар телефоннан басқа бірдеңеге назар аударды, олар сурет салады, эмоцияларын қағазға түсіреді және әр суретте баланың айтқысы келген белгілі бір ойы бар. Салған суреттері тіпті шимақ болса да, бала үшін бұл өте маңызды.

Балалар үшін бұл байқау өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетуге ғана емес, қоршаған ортаға, табиғатқа деген көзқарастарын білдіруге мүмкіндік болды. Жас қылқалам шеберлері өз туындылары арқылы табиғатпен тілдесе отыра өз сезімдері мен эмоцияларын жеткізіп, оны сақтауға, қамқорлық көрсетуге ой салады.

ӘЛИХАН БАЙҒАЗИНОВ – БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ
Мен графика, живопись салдым. Иртыш суретін салдым, краскамен, гуашьпен. Мен ағаштарды салдым, сосын өзен салдым. Иртышты салдым.
ҰЛЖАН НАЗАРҚЫЗЫ – БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ
Мен, осы іс-шарада 1-орын алдым. Маған өте ұнайды осындай іс-шаралар. Графика техникасында пейзаж салдым. Графика суретінде, мен ағаштармен өзендерді көрсеттім.

"Семей Орманы" ұйымдастырған балалардың сурет байқауы шығармашылық арқылы маңызды экологиялық мәселелерге қалай назар аудартуға болатынының жарқын мысалына айналды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың экологиялық сауатын арттырып, табиғат жанашырларын тәрбиелеуге көмектеседі деген сенімде.


СҰЛТАН ЖОЛАМАНОВ