Гүл нәзіктіктің символы, адамның ықыласын білдіруге арналған. Бүгінде Семейден түрлі гүлдерді көруге болады. Оны баптап, күту де өнер. Гүл саудасымен айналысып, кәсіпке айналдырып отырған нәзік жандылардың бірі Шынар Мұсабаева. Флористика саласында жүргеніне 14 жыл. Сүйікті ісімен айналысу арқылы нәзік жандылардың көңіліне көктем сыйлауда.


Көктем мерекесін гүлсіз елестету мүмкін емес. Ал оны күтіп, сәндеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Гүл кәсібімен айналысу үшін адамның әдемілікке ерекше жаны құмар болу керек. Гүлдердің тілін табу, оларды түсіну ерекше кәсіп. Гүлдерді өзінің әлеміне теңейтін Шынар Мұсабаева 2010-жылдан бері флористикамен айналысады. Күнделікті жұмысына өзгеге мерекелік көңіл сыйлау үшін асығады.

ШЫНАР МҰСАБАЕВА – ФЛОРИСТ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР
2010 жылы қаңтар айында жұмысқа орналастым. 2017 жылға дейін 7 жыл тәжірибе жинадым, сатушы болып. Осы Дулатова көшесіндегі гүлдер әлемі деп айтсам болады. Гүлдер әлемінде сатушы болып қызмет жасадым. Өзім тәжірибе алып, өз гүлімдей күтіп жұмыс істегеннен кейін неге осы бизнеспен жұмыс істемеске деген ой. 2017-ден бастап өзіме жұмыс істедім, ИП аштым.


Әркімге әртүрлі гүл ұнайды. Мысалы мен гортензия гүлдерін ұнатамын. Гүлді сыйлаудың да, таңдаудың да өзіндік құпиялары бар.
Мәселен қызғалдақ – көктемнің гүлі. Мерекелер қарсаңында ол өте сұранысқа ие. Раушан гүліне де көктемде тапсырыс көп. Гүл де тіршілік иесі, күтімі жақсы болса, құлпыра түседі.

ШЫНАР МҰСАБАЕВА – ФЛОРИСТ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР
Күн суықта біз сыртын орап береміз. Ол үйге келгеннен кейін сразу оны суға салуға болмайды. Бір 20 минут ол тұруы керек. Өйткені дала температурасы мен үйдің температурасы екеуі екі бөлек нәрсе. Қатты аяздан келген гүлді қатты ыстық жерге қойып қояды, ыстық жерге мүлдем гүл қоюға болмайды. Салқын жер болуы керек. Суға салардың алдында таза үй температурасындағы көп мөлшердегі суға астын кесіп салу керек.

Шынар Мұсабаева шығармашылыққа жақын. Гүлдердің композициясын құрып, оларды бір-біріне үйлестіруі ерекше. Дегенмен бұл жерде арнайы бір ереже, не қағида жоқ екенін ескеру қажет дейді.

ШЫНАР МҰСАБАЕВА – ФЛОРИСТ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР
Көп ізденісте боламын, жан-жақты қараймын. Мененде жақсы, білікті оқыған, флорист мамандығын алған жандардың жұмыстарын бақылау үстінде боламын. Өзіміздің Семей қаласының сұранысына ие болатындай сондай дәрежеде жасауға тырысамын. Көз алдыма мен бір композицияны құрар алдында, открытка дейді ғой соны көз алдыма елестетем.

Гүл кәсібімен айналысу үшін табандылық, еңбекқорлықпен қоса талғам, әдемілікке құштарлық керек. Осы қасиеттер үндескенде ғана гүлдер әлемі жайқалып, көз қуантады. Әлемді көркем ету үшін қаншама нәзік жандылар еңбек етуде.
АРУЖАН ТАУБЕКОВА