Боранға байланысты Абай облысының трассаларында 100-ден аса көлік жолда қалды. Техника жолдарды қалың қардан тазартып үлгермеуде. Оған қоса қарлы боран ұйытқып, жол көрінбейді. Адамдарды құтқару үшін 2 тікұшақ көмекке барды. Ақ түтек боран, аяз, жол көрінбейді. Қар құрсауында қалған адамдарға жету қиын. Облыс жолдарындағы жағдай осындай. Күннің бұзылуынан Жарма, Көкпекті аудандарында 100-ден аса жеңіл көлік пен 15 жүк көлігі жолда қалды. 4 адамның үсіп қалғаны туралы ақпарат бар. Құтқарушыларға полицейлер де көмекке келді.

АЙДАНА ҚОЗЫБАЕВА ПД ИМИДЖДІК ЖҰМЫС, ІШКІ КОММУНИКАЦИЯЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ

Полицейлер мен жолдарды тазартуға арналған 3 бірлік арнайы техника боранға байланысты 0 -дік көрінбей себебінен Көкпектіге жетпей тоқтады. Полиция жүргізушілермен бірге жағдайда реттеуде.

Түстен кейін жағдай күрделене түсті. Адамдарды құтқару үшін арнайы техникамен оларға жету де қиынға соқты. Төтенше қызмет «МИ-8» және «МИ-17» екі тікұшақты көмекке шақырды. 70-тен аса адам Жарма ауданына жеткізілді.

МАНАРБЕК ШАПАҒАТОВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ТЖД БАСТЫҒЫ
Абай облысының құтқарушылары Көкпектіде авариялық құтқару жұмыстарын жүргізуде. Құтқару жұмыстарын жүргізу орнына қосымша 60- тан астам адам, 23 техника жіберілді. Адамдарды уақытша орналасу пункттері дайын. Боран, жолдың көрінбеуі, аяз құтқару жұмыстарын қиындатуда.

Құтқару қызметі жұмыстарын жалғастыруда. Республикалық және облыстық штабтар жұмыс істеп жатыр. 8 7222 35-38-31 нөмірлі жедел желісі іске қосылды. Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері мен жергілікті атқарушы органдар бірлесе жағдайда реттеуде. Боранға байланысты 16 облыстағы трассалар жабылған болатын.

НҰРГҮЛ САДЫҚОВА