Абай облысының тұрғынын баспана кезегіне тіркеуден негізсіз бас тартылған. Бұл туралы біздің түсірілім тобымызға мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Арман Сәкенов айтып берді. Мәселенің қалай шешілгені туралы әріптесіміз баяндайды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің негізгі міндеті көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Өткен жылы департамент қызметкерлері бірнеше азаматтың құқығын қорғап, олардың біріне үй кезегіне тұруға көмектескен.

АРМАН СӘКЕНОВ- МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Мынандай жағдай болды. Облыс тұрғыны мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін есепке тұрмақ болған, бірақ белгісіз себептермен жауапты органдар азматтың өтінішін қабылдамаған. Аталған факті бойынша департамент мемлекеттік органдарға тексеру жүргізді. Негізсіз бас тартқандары анықталып, атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша Департамент тұтынушының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөнінде ұйғарым шығарды.

Сондай-ақ бір азаматқа жер учаскелеріне сәйкестендіру құжаттарын беруден негізсіз бас тартылған. Осыған орай Департамент қызметкерлері Абай облыстық "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында жоспардан тыс тексеру жүргізген.

АРМАН СӘКЕНОВ- МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Ұзақ уақыт бойы өтініш беруші құжаттарды ала алмай жүрген, қандай да бір себептермен өтініші кері қайтарлған . Департаменттің араласуынан кейін барлық бас тартулар негізсіз болып шықты. Сондай-ақ Департаменттің нұсқауы бойынша 7-ден астам учаскеге мемлекеттік актілер берілді. Әрине, бізге басқа азаматтар да жүгінеді. Бұл әрдайым мемлекеттік қызметтермен байланысты емес, басқа да мәселелер бойынша да хабарласады.

Сонымен қатар, Департаментке жүгінген тағы 2 тұрғынның мәселесі шешілді. Бірінші өтініш берушіге Семей қаласының медицина университетінде оқығаны туралы мұрағаттық анықтама беріліп, екінші азаматқа қаламыздың Мемлекеттік кірістер басқармасына 345 000 теңге мөлшерінде қате төленген ақшасы қайтарылды.

Арайлым Әлиханова