Семейдің тарихи-өлкетану музейінде «Мерейтой және тұлғалар» көрмесінің ашылуы өтті. Көрме музей қорындағы материалдар негізінде дайындалған. Еліміздің даму тарихына, ғылымы мен әдебиетіне, өнері мен мәдениетіне үлес қосқан тұлғаларымыздың мерейтойына арналды.

Семей тарихи-мәдени астана. Руханиятымыз бен әдебиетімізді, мәдениетемізді, тоғыстырған киелі топырақ. Ел тарихында өзіндік орны бар біртуар тұлғаларымызбен байланысты жер. Биылғы жыл мерейтойлар мен атаулы күндерге толы болмақ. Осы тұста облыстық тарихи-өлкетану музейінде арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда еліміздің саяси, мәдени, ғылыми бағыттарында зор үлес қосқан қоғам қайраткерлеріне қатысты деректер қойылды.

ҚАЙРАТ САБЫРБАЕВ - ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Халық арасында сөз бар тарихты тұлғалар жасайды. Сондықтан біз биылғы жылы мерейтой датасына толып жатқан тарихи тұлғаларымызды, өнер тарландары, ғылымдағы марғасқалар, ақындарымыз Төлеу Көбдіков, Қашаф Туғанбаев сол секілді 15 ке жуық өңірімізге байланысты тарихи тұлғалардың бейнесін солар туралы деректерді, шығармашылық әлемдерін көрерменге ұсынып отырмыз.

Көрменің салтанатты ашылуына қоғам қайраткерлерінің жақындары қатысты. Оның ішінде Райымжан Мәрсековтің немересі Сара Қайырбекова да бар. Немересі Алаш қозғалысы қайраткері туралы жазылған кітапты музей қорына сыйға тартты. Оқулықта қоғам қарйаткерінің өмірбаяны, атқарған жұмыстары, құжаттары мен жанұясының суреттері ұсынылған.

САРА ҚАЙЫРБЕКОВА – Р.МАРСЕКОВТІҢ НЕМЕРЕСІ
Бұл кітапты оқыған адамдар атамның қызметі, атқарған жұмыстары туралы біледі. Ол, сол заманда біздің өз республикамыз болуы үшін күресті. Өз ғалымдарымыз болғанын қалады. Әсіресе әйелдердің оқу оқып, жұмыс істегенін қалады.

Танымдық шара көрермендері ел тарихын білу бүгінгі ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті. Олар бұндай шаралар арқылы өскелең ұрпақ бойында елге, жерге деген құрметті арттыратынын айтты.

ОТАНТАЙ КӘРІБЖАНОВ – ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ
Осы экспозицияны жасаған суретшіде үлкен бір талғам бар, үлкен бір мәдениет бар. Мен соны байқап тұрмын. Көрме құтты болсын. Біз өткенімізді біліп, қазақтың ұлыларын есімізде сақтап соны жастарға, келешекте жеткізсек бұл ғұламалар мәңгі жасайды деп ойлаймын
АЙКЕЖАНОВ ЕРНҰР – СТУДЕНТ
Тарихи тұлғалардың ұрпақтарын көрдік, олар туралы жаңа деректер алдық. Мұндай шаралар жастар мен жастағы адамдарды, бүгінгі мен кешегіні байланыстырады деп ойлаймын. Өзім жас зерттеуші болған соң бұл шаралардың біз үшін маңызы зор -

«Мерейтой және тұлғалар» көрмесін қала тұрғындары мен қонақтары наурыз айының 10-на дейін тамашалай алады.


АРУЖАН ТАУБЕКОВА