Өткен жылы алаяқтар қаланың 800-ге жуық тұрғынын алдап, олардан жеке шоттарынан 127 миллион теңгеден астам ақшаны аударып алған. Қылмыскерлердің негізгі айласы интернет арқылы алдау. Қалада алаяқтыққа қарсы күрес шеңберінде алдын алу бойынша іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы Семей қаласының әкімдігіндегі кеңесте талқыланды. Іс-шараға қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов, Семей прокуроры Азамат Уәлиев, полиция басқармасының бастығы Қайрат Әбдіғалиев, сондай-ақ сала басшылары мен өкілдері қатысты. Жиында қалалық полиция басқармасының бастығы интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

ҚАЙРАТ ӘБДІҒАЛИЕВ-СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Сақтық шаралары бойынша халықты ақпараттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Азаматтарды интернет-алаяқтық туралы ескерту мақсатында халық шоғырланған қоғамдық орындарда буклеттер таратылды, сондай-ақ 6 баннерде 9 led-экранда осы санаттағы қылмыстың алдын алу бойынша бейнероликтер көрсетілді.

Қайрат Әбдіғалиевтің айтуынша, алаяқтардың негізгі әдісі-қарт адамдардың сенімділігі мен эмоционалдығын , сондай-ақ олардың стресстік жағдайларда тез әрекет ете алмауын пайдалану. Сондай-ақ, қылмыскерлер телефон арқылы қоңырау шалып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырады және абоненттің жақын адамы бір қиындыққа тап болғанын, көбінесе апатқа ұшырағанын, "мәселені шешу үшін" белгілі бір соманы беруді талап етеді.

ҚАЙРАТ ӘБДІҒАЛИЕВ -СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Қылмысты тергеу сапасын арттыру үшін өңірлерде арнайы жедел топтар құрылды. Біздің облыста 2023 жылы іске қосылған "CyberPol" пилоттық жобасы бар. Бөлім киберқылмыстарды тергеумен айналысады. Instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунттарға мониторинг жүргізу барысында 21 сайт анықталып, бұғатталған, сондай - ақ мобильді қосымшалардан 23 жалған хабарландыру табылды. Олар көбінесе олх, Колеса.КЗ және Крыша парақшаларынан анықталған.

Іс-шара барысында қала прокуроры қылмысқа қарсы күрестің заманауи әдістерін енгізуді ұсынды, өйткені Семейде еліміздің басқа қалаларына тән емес алаяқтықтың жаңа схемалары пайда болды.

АЗАМАТ УӘЛИЕВ - СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ
Мұнда олар тіпті жеке кәсіпкерлік ашып, адамдарды жұмысқа орналастырып береді, зейнетақы жарналарын да өздері төлейді. Алты айдан кейін олардың атына несие алады. Көрдіңіз бе, алаяқтық схемалар тіпті осындай деңгейге жетіп отыр. Бұл мәселемен кешенді түрде айналысу керек, мұнда тек полиция, прокуратура мен әкімдік қана емес, сонымен қатар қоғам қайраткерлерін де тарту қажет. Құрылымдардың басын қосып,, бірлесіп пысықтау керек.

Кеңес қорытындысы бойынша Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов хаттама негізінде әкімдік бөлімдерінің басшыларына тапсырма берді. Семей қаласында 1-12 ақпан аралығында алаяқтыққа қарсы жедел-алдын - алу іс-шарасы басталады.


НҰРГҮЛ САДЫҚОВА