«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде көпбалалы аналарға қайтарымсыз грант берілуде. Мемлекеттен қолдау алған аналар белсенді жұмыс жасап, өңірдің дамуына үлестерін қосып отыр. 2023 жылы 22 грант берілген. Солардың бірі «күміс алқа» иегері, 6 баланың анасы Данара Мендіғалиева.

Қазір мемлекет тарапынан қолдау алып, кәсібін бастағасы келетін әрбір адамға мүмкіндік берілген. Тек тың идея мен нақты жоспар болу керек. Мемлекетке алақан жайып, жәрдемақы күтіп отырмай, керісінше өзгеге де жұмыс орнын тауып беруге тырысып жатқан нәзік жандылар аз емес. Солардың бірі 6 баланың анасы Данара Мендіғалиева. Негізгі мамандығы қаржыгер. Тігіншілікті пандемия кезінде бастаған. Өолөнерге қызығушылығы біртіндеп артып, сүйікті ісіне айналған.

ДАНАРА МЕНДІҒАЛИЕВА КӨПБАЛАЛЫ АНА
Мен мамандық бойынша қаржыгермін. Тігіншілікпен ешқашан айналысып көрмеппін. Пандемия кезінде тігіншілікпен айналыстым. Содан кейін халықтың сұранысын зерттей отырып қызығушылығым бизнеске айналды

Жалпы, 2023 жылы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бюджеттен 100 млн. теңге бөлінген. Бизнес жоспарларды қарайтын комиссия құрамы жыл сайын өзгеріп отырады. Данара мемлекет тарапынан қолдау алу мақсатында бизнес-жоспарын өзі әзірлеп, ұсынған. Жоба мақұлданып, 5 млн теңге қайтарымсыз грант және 38 млн теңге несие алған.

МҰРАТ МАЛҒАЖДАРОВ ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Осы қаржыландыру көздері арқылы өзінің жобасын іске асырып, бүгін жемісін көріп жатыр. Бұл жеңіл өнеркәсіп саласындағы жақсы жаңалықтардың бірі. Өйткені жеңіл өнеркәсіпке келетін кәсіпкерлердің көбісі арнайы киімдер тігеді. Ал біздің күнделікті киімдерімізді өз брендімен тігетін кәсіпкерлер өте аз. Сондықтан бұл өте жақсы жаңалық деп айтуға болады

Кез-келген істі бастап, жақсы нәтижеге жету үшін талмай еңбек ету қажет. Көпбалалы ана осы қағиданы ұстанады. Әрине, отбасы мен жақындарының қолдауы аса маңызды,-дейді.

ДАНАРА МЕНДІҒАЛИЕВА КӨПБАЛАЛЫ АНА
Менің отбасым, жолдасым үлкен қолдау білдірді. Оларға алғысым шексіз. Менің алты балам бар, бірақ бұл менің өз ісімді бастауыма ешқандай кедергі келтірмеді. Адам өзіне сенуі керек, ештеңеден қорықпай алға жылжуы қажет. Сонда белгілі бір жетістікке жетеді.

Данара тынбай ізденіп, еңбектенуінің арқасында киім дүкенін ашты. Ондағы кімдерді өзімен бірге жергілікті тігіншілер тігеді.

ШОЛПАН МОЛДАҒАЛИЕВА СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Киімдер өте сапалы, себебі материал жақсы таңдалған. Көп баласы бар ана қоғамдағы осы саладағы проблемаларды біледі. Сондықтан күнделікті өмірде не қажет екенін айта алады.

Осылай көпбалалы ана мемлекеттің қолдауымен өзінің кәсібін ашып отыр. Өзімен бірге бірнеше тігіншіні жұмыспен қамтып, аналардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға, жергілікті өнімнің үлесін арттыру үшін белсенді жұмыс жасауда.


Рүстем Қайратұлы