Облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін қолдау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі талқыланды. Бұл бағытта өңірде жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері осы санаттағы азық-түлік тауарларының тізбесі 19-дан 31-ге дейін кеңейтілді. Сауда үстемесі 15% деңгейінде шектелді. Аталған шаралар инфляцияны тұрақтандыруға және делдалдардың үлесін азайтуға бағытталған. Бүгінде «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қарамағында 12 әлеуметтік павильон бар. Халыққа қолжетімділігін арттыру мақсатында тағы 5-еуін орнату жоспарлануда. Облыс әкімі Берік Уәли әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін бақылауды күшейтуді және заң бұзушылықтарға шара қолдануды тапсырды. Сондай-ақ, тұрақтандыру қоры өнімдерін нарыққа белсенді шығаруды және әлеуметтік орындарының санын арттыруды тапсырды.