Семей қаласындағы Электротехникалық колледжде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Еңбекші жастар – 2025» атты фестивалі өтті. Оған қаланың ірі өнеркәсіп орындары белсенді қатысты. Фестиваль аясындағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жастар мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнады.
Бұл кәсіпорындар фестиваль барысында өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынып, жастарға өндірістік тәжірибе мен жұмыс орындары туралы ақпарат берді. Жастар еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтармен танысып, жұмысқа орналасудың жолдарын қарастырды.
Алиби Абдураимов – Шығыс жастары қоғамдық қорының атқарушы директоры
Қазіргі таңда 16 ірі зауыт қатысып жатыр. Негізі 20 деп жоспарлағанбыз. Әртүрлі казполиграф, Семей астық крупп сияқты осы Семейдегі ірі үлкен зауыттардың барлығы қатысып жатыр. 150-ге жуық жастарды тартып жатырмыз. Электротехникалық колледжінің балансында өткізіп жатқан қаламыздағы ортанғы колледж студенттеріне арналған осындай шағын фестиваль.
Мерекелік кеш барысында түрлі сала мамандары марапатталып, олардың еңбегі жоғары бағаланды. Олардың қатарында құрылысшылар, коммуналдық кәсіпорын мамандары, теміржолшылар, электр шеберлері, цех жұмысшылары бар. Семей қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Әділбайұлы олардың қажырлы еңбегі жаңа буынға үлгі екенін атап өтті.
Жастық жігерлеріңізбен аға буынды әрдайым таңқалдырып, игілікті істердің бастамасшысы болыңыздар. Барлықтарыңызға амандық тілеймін. Жолдарыңыз әр кез ашық болсын. Сәттілік тілеймін жастарға.
Сонымен қатар Абай облысы Еңбек мобильділігі орталығы шараға белсене қатысып, өңірдегі еңбек нарығының ахуалы, сұранысқа ие мамандықтар жайлы мәлімет бере отырып, 1000-ға жуық бос жұмыс орынын ұсынды.
Еркебұлан Тұрсын – Абай облысының еңбек мобильділігі орталығының директоры
Жалпы бұл жобаға еңбек мобильділігі орталығы тарапынан жұмыс берушілер шақырып, қаламыздың ірі 20- ға жуық мекемесі бос жұмыс орындарын беру бойынша қатысты. Бүгінгі таңда сол мекемелер тарапынан 300-ге жуық вакансия берілген болатын. Сонымен қоса біздің еңбек мобильділігі орталығының мамандарды аталмыш жәрмеңкеге жұмысшы мамандықтар жылы қарсанындағы осындай іс-шараға белсенді түрде қатысып отырмыз.
Фестиваль концерттік бағдарламамен аяқталды. Бұл мереке еңбек адамының қоғамдағы орны мен маңызын тағы бір мәрте айқындап, адал еңбектің құрметке лайық екенін дәлелдеді.
Алина Азбергенова