Биыл елімізде жұмысшы мамандықтар жылы. Сала еңбеккерлерінің мәртебесін көтеру, жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда. Мәселен Семейде «Құрылыс өнері» фестивалі өтті. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған шараға берісі –Ресей, арысы Германиядан өкілдер қатысты.
Фестивальдің Семейде өткізілуі тегін емес. Өйткені, Абай облысында жұмысшы мамандықтар даярлайтын орта және жоғары оқу орындары жетерлік. Тіптен 2020 жылы «Жас маман» бағдарламасы аясында құзіреттілік орталықтары ашылған. Жыл сайын жұмысшы мамандықтарында білім алғысы келетін жастардың қатары көбейіп келе жатыр.
Вилена Жакупбаева - Облыстық Білім басқармасы кәсіптік-техникалық білім беру бөлімінің басшысы
Біз сараптама жасадық. Біз қазіргі таңда 21 колледжде жұмысшы мамандықтарды даярлайды. 5 мың бала білім алуда. Былтыр 2 мың бала қабылдадық. Биыл оны 3 мыңға көтереміз деп отырмыз. Қызығушылық артуда.
Көршілес Керекуден Семейге келіп техник-геодезист мамандығы бойынша білім алып жатқан Елдос Жұмабаев таңдауды дұрыс жасағанына сенімді. Бүгінгі фестивальдің көрмесінде өз мамандығының қыр-сыры бойынша өзгелерді ақпараттандырып қызықтырмақ ойда.
Елдос Жұмабаев - Студент
Бұл жалпы айтқанда өте сұранысты мамандық болып келеді. Себебі қазір Қазақстан дамып жатыр. Жаңа жолдар салынып жатыр. Шахталық жұмыстар болып жатыр. Үйлер салынып жатыр. Қаланы дамытады ғой. Сол себепті геодезист әрқашан керекті мамандық болып қала береді.
Кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы кәсіби шеберлік конкурсына еліміздің барлық өңірлерінен 100 жуық адам қатысты. Олар құрылыс саласы бойынша өз өнерлерін ортаға салып, кімнің мықты екенін анықтамақ. Ал әлеуметтік серіктестер мен жұмыс берушілер өздерінің заманауи құрылыс технологиялары мен материалдарын ұсынды. Фестиваль аясында шетелдік серіктестердің қатысуымен форсайт-сессиясы өткізілді.
Ермек Исабаев