Семейде каратэ шинкиокушинкайдан Абай облысының кубогы өтті. Жарысқа облыс спортшыларынан өзге Алматы қаласынан да үміткерлер келіп қатысты. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан лайықты сый-құрмет көрсетілуден бөлек, республикалық, халықаралық жарыстарға баруға жол ашылды.


Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткен жарысқа 6 мен 17 жас аралығындағы 300 –ге жуық спортшы қатысты. 50 салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылған дода каратэ шинкиокушинкай федерациясының күнтізбелік кестесіне сай өтуде. Бүгінде өңірімізде спорттың дәл осы түрімен мыңға жуық адам тұрақты айналысады.


Айбол Искаков, Абай облысы каратэ шинкиокушинкай федерациясының басшысы


Біздің спортшылардың дәрежелері өте жоғары. Азиялық, әлемдік жарыстарда топ жарып, жеңіп жүрген спортшыларымыз бар. Шілде айының 7-8 күндері Болгария елінде каратэден Әлем кубогі өтеді. Соған Абай облысының спортшыларынан 5 спортшы қатысады. Жолдама алды, қазір соған дайындықтамыз.


 Облысымыздағы үкілі үмітіміздің бірі – Ердос Каримжанов. Татамиға шықса болды тең келер қарсылас таппайтын жеткіншек ел чемпионатының қола жүлдесін ұтып, жуырда спорт шеберлігіне үміткер атағына ие болды. Соңғы 10 жылдан бері осы спорттың бел ортасында келеді.


Ердос Каримжанов, Спортшы


Бұл спорт шыдамдылыққа, тәртіпке тәрбиелейді. Сондықтан мен осы спортқа келдім. Болашақта мен осы спорттан әлем чемпионы болғым келеді.

Жарыс жеңімпаздары мақтау қағазы, медаль, кубоктармен марапатталып, алдағы уақытта өтетін республикалық және халықаралық жарыстарға дайындықтарына кіріседі.

Е

рмек Исабаев