5511 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өткерген 200-ге жуық сарбаз Отан алдындағы борышын абыроймен аяқтады. Елдің әр өңірінен жиналған сарбаздар бір жыл бойы адал қызмет етіп, енді жаңа кезеңге қадам басуда. Ал 10 сарбаз оқу орындарының грант иегері атанды.


5511 әскери бөлімінде 200-ге жуық сарбаз мерзімді әскери қызметін аяқтады. Бұл мерзім әскерде қызмет атқару ғана емес, сарбаздар азаматтық өмірге жауапкершілікпен бет бұрған кезеңі болды.


Арман Әбдірасулов- 5511 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары


Бүгін біздің әскери бөлімде 1-2024 шақырылым сарбаздарын мерзімді әскери қызметін абыроймен аяқтап, азаматтық өмірге шығарып салу рәсімі өтіп жатыр. Бұл сарбаздар – Қазақстанның әр облысынан келіп, Отан алдындағы борышын адал атқарған жауынгерлер.


Салтанатты шара барысында жауынгерлерге алғыс хаттар мен мақтау қағаздары табысталды. «Срочник 2.0» бағдарламасы аясында Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінің 10-нан астам сарбазы білім беру гранттарына ие болды.


Дастан Бакубаев- Сарбаз


Бүгін біз үшін ерекше, айтулы күн. 1-2024 шақырылым сарбаздарын борышын өтеп, шығарып салу рәсімі өтіп жатыр. Осы сәтті пайдаланып, әскери бөлім командиріне, бөлімше және рота командирлеріне шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ, мені үнемі қолдап келген ата-анама зор алғыс айтамын. Қызметім мен үшін өте жақсы өтті. Алғашқы кезеңде қиындау болды, бірақ кейіннен үйреніп кеттім. Әскери тәртіпке бағынып, қызметімді атқардым.


Қуанышты сәтке сарбаздардың ата-аналары да қуә болды. Олар ұлдарын үлкен мақтанышпен қарсы алғалы отыр.


Маржан Қамысова – Ата-ана


Мен Өскемен қаласы, Самар ауданынан келдім. Осында ұлым әскери борышын орындап, міне 13-ші маусымда үйге қайтады. Енді өте қуаныштымын. Қуанышым қойныма сыймай тұр. Бүгін ұлым грант иегері болып жатыр. Осы 5511 әскери бөліміне алғысым шексіз.


5511 әскери бөліміндегі бұл іс-шара – мерзімді қызметін абыроймен аяқтаған сарбаздардың бір белесті артқа тастап, жаңа өмірге бет бұрғанын көрсетті. Олардың қатарындағы 10 сарбаз биыл енгізілген өзгеріске сай әскерде жүріп грант ұтты. Олар стипендиямен және жатақханамен қамтамасыз етілетінін айта кеткен жөн. Бұл артықшылықтар заңмен бекітілген.


Арайлым Әлиханова