Абай облысында "Айбын-2025" әскери-патриоттық жастар жиыны өтті. Халықаралық жарыстың облыстық кезеңі Шүлбі кентіндегі әскери-патриоттық және азаматтық тәрбие орталығының базасында ұйымдастырылды.

"Айбын-2025" әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты ашылу рәсіміне Абай облысы Қорғаныс істері департаменті, "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы, ардагерлер кеңесі, Шекара қызметінің ардагерлер ұйымының, жергілікті атқарушы органдардың және білім беру саласының өкілдері қатысты. Әскери бөлімдердің көрмелері мен әскери қызметшілердің көрсетілімдері ұйымдастырылды.

Жиын аясында шығармашылық, зияткерлік және әскери-спорттық бағыттарда байқау өтті. Қатысушылар робототехника, әскери-қолданбалы спорт түрлері, қаруды бөлшектеу-құрастыру, пневматикалық мылтықтан ату, эстафета және арқан тарту бойынша жарысты. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы Абай облысының командасы үздік үштікке кірген, ал "үздік жас сарбаз" атағы біздің облыстың қатысушысына берілген. Сондықтан іріктеу кезеңінің қатысушылары жарысқа барын салып дайындалған.

Командалық есептің қорытындысы бойынша бас жүлдені Ақсуат ауданы алды, I орынды Семей қаласының командасы, екінші орынды аягөздік оқушылар, ал III орынды Жаңасемей ауданының командасы иеленді. Жеке есепте жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, медальн, дипломдар және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Іс-шара қорытындысы бойынша үздік командалар Ақтөбе қаласында өтетін халықаралық кезеңге жолдама алды.

АЛИНА АЗБЕРГЕНОВА