Тоғызқұмалақ – жасөспiрiмнiң ақыл-ойын шыңдап, ми қызметiн жетiлдiретiн зияткерлiк ойын. Бұл спортпен әсіресе қыз балалар көп айналдысады. 9 жасар семейлік Айзере Серікова «Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан құрамасының» мүшесі атанып отыр. Жас ойыншының дайындық барысын әріптесім Ақбота Бияхмет айтып береді.
Қазақстан чемпионатының республикалық кезеңінде орын алған спортшылар «Тоғызқұмалақтан спорт шеберіне үміткер» атағына ие болып, арнайы куәлік алады. Спортшылар үшін бұл атақ баға жетпес дәрежелердің бірі. 10 жастағы Айзере Серікова 1 жыл бұрын осындай жетістікке жеткен. Мектеп оқушысы волейбол мен тоғызқұмалақ үйірмелеріне қатысады. Кітап оқығанды жақсы көреді, тоғызқұмалақтан Қазақстанның үздік спортшыларының ойынын бақылағанды ермек етеді. Отбасында ұлттық ойынды анасымен ойнап, жаттығады. Нағыз ақыл - ой жарысының шебері атанған жасөспірімнің басты мақсаты - халықаралық аренада ел намысын қорғау.
Айзере Серікова – тоғызқұмалақтан ҚР спорт шеберіне үміткер
Маған өте көп эмоция сыйлаған жарыс ол Қарағанды мен Талдықорағанда өткен жарыстар. Себебі, ол жерде республика болды. Мен республикадан екі жарыстан да үшінші орын алдым. Маған тоғызқұмалақ ойыны ұнаған себебі ол жерде өте көп ойлайсың, сол кезде миың жұмыс істеп тұрады. Және де қол моторикасы жақсы болады.
№11 мектепте тоғызқұмалақ үйірмесі 2016 жылы ашылған. Оқушылар үйірмеге 8 жасында қабылданады. Ал чемпионатқа 9 жасынан қатыса алады. Үйірме жетекшісі Алтынбек Құсайыновтың айтуынша, соңғы екі жыл табысқа толы болды. Биыл алғаш рет оқушысы 9 жасында спорт шеберіне үміткер атағын иеленген. Тоғызқұмалақ ойынындағы жүрістер тізбектелген көмекші кітаптар өте көп. Дегенмен, әр адам ойын барысында өз ойына сүйену керек.
Алтынбек Құсайынов – Тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшісі
Дебюттар деп аталады ойынның бастамасы. Ол дебютты әр оқушы, әр тоғызқұмалақшы білу керек. Яғни, сол дебюттармен дайындаламыз. Дебюттардың бәрін жаттанды түрде дайындалған балаға өте аз. Ол жаттанды ойын болады да ондай ойын көп ұзаққа бармайды. Сондықтан мен көбінесе оқушыларымды өз ойларымен жаңадан жүрістер, шабуыл, конвенция жасап сондай әдіс-тәсілдерді қолданамыз.
Тоғызқұмалақ ойынына қыздар көп қызығады. Бәсекелестікті жаны сүйіп, жеңіске жету үшін тыңбай еңбектенетін де - бұрымдылар. Үйірме қатысушыларының бірі Ақбота Алтынбекова 2 сыныптан бастап тоғызқұмалақ ойнайды. Айзеремен ойында қарсылас болғанды ұнатады.
Ақбота Алтынбекова – 8 сынып оқушысы
Мен сегізінші сыныпта оқимын. Тоғызқұмалақты бастауыш сыныптан бастап ойнап жүрмін. Осы уақыт аралығында мен республикалық, облыстық, қалалық жарыстарда ойнадым. Айзеремен ойнаған кезде ойынымыз өте тартысты болады және ол өте мықты ойнайды. Ал мен мықты ойыншылармен ойнағанды ұнатамын.
Ақбота Бияхмет – Тілші
Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы екі қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады, алғаш жүріс жасаған ойыншыны бастаушы, екінші жүріс жасаған ойыншыны қостаушы деп атайды.
Қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде тоғызқұмалақ қарқынды насихатталуда. Мәселен, Қырғызстандық мектептерде бұл спорт түрінен олимпиада өтеді. Қытай мен Қарақалпақстанда кітаптар, ғылыми еңбектер шығуда. Ал Қазақстанда жеке қауымдастықтар бар, облыс орталықтарында тоғызқұмалақты үйренемін деушілерге қауымдастықтың бөлімшелері мен үйірмелері ашылған.Тоғызқұмалақ федерациясы да елдің түкпір-түкпірінде үйірмелер ашып, тоғызқұмалақтан жарыстарды жиі өткізуді қолға алған.