Бүгін облыс әкімі Берік Уәли мен «Чжунвэй Синнэн» технологиялық компаниясының бас директоры Ян Соцзюнь өңірде қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жөніндегі жобаны жүзеге асыруға бағытталған меморандумға қол қойды. Қазақ-қытай кәсіпорындарының бірлескен консорциумы негізінде қолға алынатын жобаның жоспарланған жалпы инвестиция көлемі 880 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба іске асқан жағдайда аймақтың энергетикалық инфрақұрылымы жаңарып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Әкімдік тарапынан жер учаскелерін бөлу, рұқсат беру рәсімдерін жеделдету және қажетті әкімшілік қолдау көрсету қарастырылған. Сонымен қатар, жұмысты үйлестіру мақсатында екіжақты жұмыс тобы құрылатын болады. Аймақ басшысы баламалы энергия жобасы облыс үшін аса маңызды екенін атап өтті.