Абай облысында еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу, жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу кезіндегі жұмыскерлердің тәуекелдері тақырыбы аясында ауқымды семинар өтті. Оған салалық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.

2023 жылдың желтоқсан айында «Абай облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі құрылды. Бір жыл ішінде кәсіподақта тоғыз салалық, сегіз жергілікті ұйым қалыптасты. Оған алпыс мыңнан аса адам мүшелік етеді.

Досжан Байқадиев – «Абай облысы кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасының орынбасары

Жалпы барлығымыздың жұмыс барысымыз бір. Ол ең біріншіден мына еңбек адамының әлеуметтік мүдделерін және заңды құқықтарын қорғау болып табылады. Сол мақсатта орталықтың жанынан заң клиникасы құрылған болатын, заң клиникасы базасында «Татуласу» орталығы жұмыс істеп тұр. Бүгінгі семинарымызда осы тақырыпта өтіп жатыр. Салалық кәсіподақтың белсенділері мен төрағаларымен келісе отырып ҚР Кәсіподақтар федерациясының төраға орынбасары, кәсіподақ тренері, лектор Ләззат Айдарханқызын шақырып отырған болатынбыз.

Семинар барысында Ләззат Есжанова кәсіподақ жұмысын одан әрі жетілдіру, еңбек адамының мүддесі мен беделін жан-жақты қорғау, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын жоғарылату сияқты маңызды бағыттарға тоқталып, кәсіподақ мүшелерін өзара белсенді қарым-қатынасты дамытуға шақырды.

Ләззат Есжанова – ҚР кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары

Егер сіз қандай да бір тарихтың түбін тапқыңыз келсе, мына төрт ережені ұстануыңыз керек. Біріншісі – жақсы қарым-қатынас. Мысалы, адам келді делік, бірінші міндет - оны тыныштандыру. Мысалы, Бақытжан Серікұлы, сіз жақсы адамсыз, терең демалыңыз, уайымдамаңыз. Егер бізде көмек көрсетуге кем дегенде бір мүмкіндік болса, біз сізге көмектесеміз, деген сияқты.

Семинарға 150-ден астам салалық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты. Облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім кәсіподақ ұйымына жиырма бес мың адам мүше. Ұйым төрағасы осы бағыттағы жиындардың маңызды екенін алға тартады.

Сәбит Ибраев – Облыстық оқу-ағарту, Ғылым және Жоғары білім кәсіподақ ұйымының төрағасы

Бүгінгі семинар өте қажет, өте керек. Неге десеңіз көбінесе кәсіподақ ұйымдарында жетекшілері негізгі жұмыспен айналысады. Қоғамдық жұмысқа аса уақыттары да жоқ. Білімі де төмендеу. Сондықтан осындай семинар оларға көп жақсы мәлімет береді. Оқу жағынан да, практика жағынан да қалай қолданады, не істеу керек, қалай тіл табысу керек жұмыс берушімен, кәсіподақ мүшелерімен бұл өте сондай керек нәрсе.

Азаматтардың еңбек кодексіне қатысты ұсыныстары мен сауалдары болса Абай облысының Кәсіподақтар орталығына жүгіне алады. Заңгер Мәңгілік ел көшесі 9 мекенжайында тұрғындарды қабылдап, тегін көмек көрсетеді.