Семейде жас ақындар арасында қалалық айтыс өтті. Ақындар тапқырлықтарымен көрерменін сүйсінтті. Бірін бірі басып озып, келісті ұйқастарымен айтыстың көркін қыздырды. Тартысты өткен сөз додасынан әріптесім Ақбота Бияхмет айтып береді.
Қалалық айтысқа 4 жұп қатысты. Төл өнерге қадам басып, орақ тілді, от ауызды арқалы ақындар жолын жалғастырушы 8 жас дарын сахнаға шықты. Дода көркін мектеп оқушыларының жұбы ашты. Қатысушылардың өнерін тамашалап, лайықты баға беруге сайланған қазылар алқасы Дәмеш Омарбаева, Дәулет Сметов, Бауыржан Игілік сияқты ұлттық өнердің жілігін шаққан ақындардан тұрды.
Дәулет Сметов – Қазылар алқасының мүшесі
Айтыс өнерінде де Семей өңірінің орны өте ерекше. Осы бүгінгі айтысымыз сол Алаш арыстарының арман-мақсат, мүдделерін әрі қарай ұрпаққа кеңінен насихаттау жөнінде. Қаланың қазіргі қоғамдағы алып отырған орны, мемлекетіміздің тарихындағы келешектегі алатын орны жайлы ақындар сөз ететін болады. Қайтадан облысымыз жанданғаннан бері біздің өңірімізде, Абай облысында айтыс өте жақсы, жоғары деңгейге жетіп жатыр.
Алиби Абдураимов - «Шығыс жастары» қоғамдық қорының атқарушы директоры
Айтыстың жобасының негізі Семей қаласының әкімі Нұрбол Төлегенұлының қолдауымен болған. Біз басында жастармен кездескен кезде, ұсынған кезде қаламызда не жоқ деген кезде Абай елі болғаннан кейін осындай кішігірім айтыс болсын деп ұсынған болатынбыз. Әрине, әкіміміз қолдап бүгінгі таңда осы жобаға жыл көлемінде 3 миллион ақша бөлінген болатын.
Айтысқа қатысушы өнерпаздар жиналған көрерменге ерекше әсер сыйлады. Солардың бірі Шәкәрім университетінің 2 курс студенті, жас ақын Ұлан Нұрболұлы.
Ұлан Нұрболұлы – Жас ақын
Республика күніне орай ұйымдастырылып жатқан айтысымыз өте тартысты болайын деп тұр. Себебі, біздің қарсыластарымыз атағынан ат үркитін қарсыластар, өңкей кіл мықтылар келіп отыр. Оның ішіне жыр көкпарын тартуға менде шықтым. Бәрі керемет, жоғарғы деңгейде жасалған. Дайындығымыз жаман емес, көрпемізге қарап көсілеміз.
Жыр додасының қорытындысы бойынша бас жүлде – Қуандық Кенжебекұлына, 1 орын – Айбек Жеңісқазинға, 2 орын – Манарбек Сатыбалдыға, ал 3 орын – Ұлан Нұрболұлының қанжығасына бұйырды. Қатысушылардың барлығына қаржылай жүлде мен дипломдар табысталды. Жас ақындар арасындағы айтысты Семей қаласы Ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Шығыс жастары» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Ақбота Бияхмет