10 тамыз күні еліміз дәстүрлі түрде Абай күнін атап өтеді. Биыл ұлы ақын, ойшыл және философ Абай Құнанбайұлының туғанына 179 жыл. Атаулы күнге орай Семейде бірқатар мәдени іс-шаралар өтті.

Абай Құнанбайұлы күнін мерекелеу Семей қаласындағы ақынның басты ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Құрмет көрсету үшін қала басшылығы, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар ақынды бір минут үнсіздікпен еске алып, құрмет көрсетті.

Арайбек Хамзаев – Семей қаласы әкімінің орынбасары

Баршаңызды әлемдік деңгейдегі ойшыл, ұлт руханиятының темір қазығы Абай күнімен құттықтаймын. Хакім Абай ұлт руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер. Абай мұрасы тек қазақ ғана емес, адамзат баласының байлығы болып табылады. Атаңның баласы болма, адамның баласы бол деген гуманистік, ағартушылық бағыттағы прогресивттік көзқарасты бүгінге дейін аса өзекті. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ісінде де Абай өсиеттерінің маңызы зор.

Музей-қорық аумағындағы мәдени іс-шара «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішіне гүл қоюмен жалғасты. Мұражайда Абай мұрасын насихаттаумен айналысатын мәдениет, өнер, әдебиет саласының қызметкерлері, әртістер жиналды. Олар құрмет грамоталарымен марапатталды.

Маржан Бахатова - Семей қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Қаламыздағы Абай атындағы бірден бір қара шаңырақ, Жидебай Бөрілі қорық музейінің алаңындағы құлақтан кіріп бой алар әсем анмен атты әдеби музыкалық, поэтикалық үлкен іс шарамыз бастау алды. Абай қашанда қазақ елімен бірге жасасын. Қалың елім қазағым жақсылықтарға жетелей береді. Әрбір үйде Абайдың бойтұмар ретінде шығармалары қара сөздері сақталып, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалатынына сенеміз.

Сондай-ақ, Абай күнін мерекелеу аясында «Талап қыл артық білуге» поэзия сағаты ұйымдастырылды. Онда жас ақындар мен көркем оқу шеберлері ұлы ақынның өлеңдерінен үзінділер оқыды. Жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған түрлі ұйымдардың қатысуымен «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» танымдық квиз өтті. Іс-шараға қатысқан қала тұрғындары алған әсерлерімен бөлісті.

Надежда Мозяхина – қала тұрғыны

Абайды білем. Германия, Ресей елдеріндегі достарымда Абайды біледі. Оның өлеңдерін, шығармаларын оқиды. Бұндай шаралар жастардың бойында патриоттық сезім қалыптастырады. Ақынның шығармаларын өскелең ұрпақ арасында насихаттауымыз қажет. Сол үшін бұл шаралар маңызды, келесі жылы ақынның үлкен мерейтойын ауқымды қылып өткізеді деген ойдамын.

Нұргүл Сайлаубай - қала тұрғыны

Құрметті барша қазақ елі. Алаш жұртын бүгінгі Абай күнімен құттықтаймын. Абай қазағымыздың маңдайына біткен ұлы тұлғалардың бірі. Біз ұлылар мекенінің ұрпағымыз. Қазақтың бойтұмары болған Абайдың сөздері үлгілі өсиет, насихат. Оны әрі қарай насихаттау біздің парызымыз. Әрі қарай ұрпақтарға насихаттап жеткізу, әрбір қазақтың парызы деп ойлаймын. Осы Ұлылар мекені біздің туғанымызға мақтан тұтамыз. Мереке құтты болсын.

Абай күнін мерекелеу қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен қорытындыланды.

Аслан Ертісбаев