Семей қаласындағы қоғамдық көліктерде жылжымалы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шараны Семей қаласының мансап орталығы мен Абай облысының Еңбек мобильділігі орталығы «Семавтопарк» ЖШС-мен бірлесе ұйымдастырды. Автобустағы жәрмеңке туралы тілшіміз жалғастырады.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – жұмысқа орналасуға көмектесудің тиімді әдістерінің бірі. Бұл жолы қоғамдық көліктерде өтті. Жұмыспен қамту мақсатында ұйымдастырылған шара аясында 170-ке жуық жұмыс берушіден 500- ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Автобустағы жәрмеңке 3500-ден астам адамды қамтыды. Сондай-ақ мамандар тұрғындарға тұрақты және уақытша бос жұмыс орындарын ұсынды. Оның барысында жұмыспен қамтудың белсенді шаралары туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық парақшалар таратылды.

ЕРКЕБҰЛАН ТҰРСЫН АБАЙ ОБЛЫСЫ ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Негізгі мақсатымыз халықты, азаматтарды жаңағы автобустардың ішіне кіріп біздің облысымыз төңірегіндегі, Семей қаласындағы бос жұмыс орындарымен таныстыру. Бүгінгі күнде 170- ке жуық ұйымнан, 500- ге жуық бос жұмыс орны ұсынылып отыр. Жалпы айтқан кезде қазіргі таңда мансап орталығының мамандары қаламыздағы «Семавтопарк» ЖШС- гіне қарасты желіде жүрген автобустарда осы жәрмеңкеге қатысып, халықты ақпараттандыру жұмыстарымен айналысып жатыр.

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастыру және кеңес беру - жас мамандар үшін ғана емес, жұмыс берушілерге де маңызды. Себебі, жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды таңдайды. Ал, жұмыс іздеуші азаматтарға бірінші кезекте тұрақты лайықты бос жұмыс орындары қарастырылып, егер тұрақты лайықты бос жұмыс орындары табылмай жатқан жағдайда уақытша субсидияланатын жұмыс орындары ұсынылады. Жұмыс іздеуші тұлғаның қажетті кәсіптік біліктілігі болмаса, кәсіптік дағдыларға сай келетін жұмыс табылмаса немесе бұрынғы кәсібі бойынша жұмысты орындау қабілеті жоғалса кәсіптік оқытуға жолданады.

МАРАЛ КСЕКЕЕВА ҮЙЛЕСТІРУШІ
Біз тамақтану, шалғайдағы нысандарда тұру қызметтерін ұсынамыз. Яғни, вахталық кенттерде. Семей қаласының мансап орталығымен жұмысшыларды іздеуге шықтық. Бізге жұмыс тәжірибесі бар наубайшылар, жұмыс тәжірибесі бар аспаздар мен D санатындағы жүргізушілер, кір жуушылар және тазалаушылар қажет.

Абай облысы бойынша 2024 жылы 23 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. 6312 адамды тұрақты жұмыс орнына, 5871 адамды субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру жоспарланып отыр.

Осы жәрмеңке жастар үшін пайдалы. Қазіргі таңда көптеген жастар осы жастық шағында жұмыс істеп алуына болады. Мысалы, алда әлі жаздың 3 айы бар. 3 айдың 2 айында жұмыс істесеңіздер, өздеріңізге пайдалы болады.
Студенттерге қосымша жұмыс табуға, мамандықты табуға көмектеседі.

Сондай- ақ, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 400 АЕК көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грантты 204 адамға беру жоспарлануда. 10 000 тұрғынға шаққанда 100 жұмыс орны көрсеткіші бойынша 9313 жұмыс орнын және инфрақұрылымдық жобалар аясында 1695 жұмыс орнын құру жоспарланған. Ал 276 адам кәсіптік оқытуға жолданбақ.


ЖҰЛДЫЗАЙ МАРАТҚЫЗЫ