Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан-Жапония ынтымақтастығының 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-техникалық семинар өтті. Жиынға Жапонияның атом энергиясы Агенттігінің Президенті, Жапониядан өзге де мәртебелі қонақтар қатысты.

 ҚР Ұлттық ядролық орталығы мен Жапония елінің ұйымдары 30 жыл бойы ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Осыған орай «Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан – Жапония ғылыми-техникалық ынтымақтастығына 30 жыл» атты халықаралық ғылыми-техникалық семинар ұйымдастырылды. Осы уақыт аралығында түрлі жобалар қолға алынды. ҚР ҰЯО Бас директорының айтуынша, атомды бейбіт мақсатта пайдалануға байланысты елеулі жобалар іске асты.

ЭРЛАН БАТЫРБЕКОВ - ҚР ҰЯО РМК БАС ДИРЕКТОРЫ
Біз Toshiba-мен үнемі бірге жұмыс істейміз. Жапонияда кездестік, осында да бас қостық. Үнемі онлайн режимде де жиналамыз. Қазір одан әрі дамуға бағытталған жоспар көп, бұл иондық спектроскопия, CORMIT -ке қатысты да ойларымыз бар. Енді біз термоядролық синтездің жаңа бағыттары бойынша тың өзара іс-қимылды, бірегей КТМ Токамакты пайдалану, термоядролық басқарылатын синтезді дамыту үшін жаңа тәжірибені меңгеруіміз керек.

Реакторлық емес қондырғыларда жапондық әріптестермен бірлескен CORMIT жобасы іске асырылды, бұл атом станцияларының қауіпсіздігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. 1990-шы жылдардың ортасынан бастап ҰЯО базасында Жапонияның атом энергиясы жөніндегі агенттігімен бірлесіп, натрий салқындатқышы бар шапшаң нейтрондардағы ядролық реактордың ауыр апатымен бірге жүретін процестерді зерттеу бойынша реакторлық және реактордан тыс эксперименттердің бірқатары жүргізілді. Балқу заңдылықтары, реактордың актив аймағы балқымасының бақыланатын қозғалысы, оның құрылымдық материалдар элементтерімен және салқындатқышпен өзара әрекеттесуі зерттелді. Агенттікті екі жыл бойы басқарған Когучи Масанори Қазақстан мен Жапония арасындағы көпжылдық ынтымақтастықтың нәтижесін жоғары бағалады.

КОГУЧИ МАСАНОРИ - ЖАПОНИЯ АТОМ ЭНЕРГИЯСЫ АГЕНТТІГІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Мен жапондық атом энергиясы агенттігінің басшысы лауазымын екі жылдан бері атқарып келемін және әрине осы уақытқа дейін жүзеге асырылған барлық істі жеке бақылауға мүмкіндігім болмады. Алайда, мен көп жұмыстың жасалғанын көремін және бұл ұзақ мерзімді және жоғары деңгейде орындалды деп санаймын.

Азиядағы Ядролық кооперация форумы аясындағы жобаларды ілгерілету бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде, ол жапондық әріптестердің бастамасымен және қолдауымен ұйымдастырылған тәжірибе алмасуға, ядролық технологияларды бірлесіп дамытуға арналған жылдар бойы жұмыс істейтін алаң.

АЛЕКСАНДР ВУРИМ-ҚР ҰЯО АТОМ ЭНЕРГИЯСЫ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЯДРОЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӨНІНДЕГІ БАС МАМАНЫ
30 жыл ішінде біз бір-бірімізді жақсы білдік. Біз АЭС жұмыс істеп тұрған реакторлардың қауіпсіздігін негіздеу саласында, жылдам нейтрондарда реакторлар технологиясын қолдануды дамыту саласында, сондай-ақ ҚР-да атом энергетикасын дамыту негіздемесін зерттеу саласында өте күрделі, эксперименттік зерттеулер жүргіземіз.

Семинар жұмысы 4 күнге жоспарланған. Панельдік сессиялар, ҚР ҰЯО ғылыми инфрақұрылым нысандарына техникалық турлар өткізіліп, ынтымақтастықтың алдағы жоспары талқыланбақ. Екі ел арасындағы байланыс ядролық технологиялар мен қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықта маңызды рөл атқарады.


НҰРГҮЛ САДЫҚОВА