Абай облысының прокуратурасы 15 сәуірде Президент қол қойған «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» жаңа заңды түсіндіру бойынша насихаттауда. Бұл жолы жаңа заң бойынша кездесу түрлі қылмыстар жасап, істі болған және қазір пробация қызметінде есепте тұрған азаматтармен жүргізілді.

Семей қаласының дағдарыс орталығында "Зорлық-зомбылықсыз отбасы"тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған түрлі құқық бұзушылықтар жасаған адамдар қатысты. Іс-шара азаматтардың шалыс баспай, дұрыс жолға түсіп, заң бұзушылықтан аулақ болуы мақсатында өткізілді. Облыстық прокуратура өкілдері, полиция қызметкерлері, адам құқықтары жөніндегі уәкіл, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері есепте тұрған азаматтарға тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаның қатаңдатылғаны жайында ақпарат берді.

ТИМУР МАСАЛИМОВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ПРОКУРАТУРА БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ
Әкімшілік кодекстің кейбір баптары қылмыстық құқық бұзушылық санатына өтті. Яғни, аздап қатаңдатылды. Егер бұрын ұрып-соғу үшін татуласу арқылы жолын табу мүмкін болса, қазіргі уақытта татуласуға келмейді. Сонымен қатар, қамауға алу мерзімі 15 күннен 50 күнге дейін өзгерді. Айыппұлдар да 50 АЕК-ке дейін өсті.

Жаңа Заң күшіне енгеннен бастап жаза да күшейтілді. Енді денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін құқық бұзушыға 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төнеді. Прокурорлардың айтуынша, есепте тұрған азаматтармен жұмыс істеу үшін арнайы мобильді топ құрылған. Оның көмегімен жәрдемге мұқтаж адамдар анықталады. Мамандар балаларды балабақшаға орналастыруға және жұмыс табуға көмектеседі. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен суицидтің алдын алу үшін кәмелетке толмағандарға да ерекше назар аударылады.

ТИМУР МАСАЛИМОВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ПРОКУРАТУРА БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ
Мобильді топтың құрамына прокуратура, пробация инспекциясының қызметкерлері, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары, әкімдік қызметкерлері, психологтар, балалар психологтары мен дәрігерлері кіреді. Осы мобильді топпен біз есепте тұрған барлық адамдарды аралап, олармен түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.

Қазір Абай облысы бойынша есепте 756 адам тұр. Бұл азаматтар бұдан былай қателіктер жібермей, қайтадан бас бостандығын шектеу орындарына түспеу үшін құқық қорғау органдары үлкен жұмыс атқаруда.


СҰЛТАН ЖОЛАМАНОВ