Бірнеше күннен бері Семей қаласының әлеуметтік желідегі парақшаларында аспалы көпірдің деформациялық тігістерінің ашылып кетуі талқыланып жатыр. Алайда, әлеуметтік желілерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Облыс әкімдігі тігістер 20 см ажырап, Семей қаласының басты символына айналған аспалы көпір құлауы мүмкін деген сөздерді жоққа шығаруда.

Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы атап өткендей, көпір элементтерінің арасындағы тарақты деформациялық тігістің 6-7 см ашылғаны анықталды. Бұл аспалы көпірді зерттеу нәтижелерінің барысында белгілі болған. Деформациялық тігістер көпір элементтерінің жылжып кетуінің алдын алу үшін қарастырылған.

ӘДІЛБЕК УВАСИЛОВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ М. А.
16 ақпан күні Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпірді тексеру барысында деформациялық тігістеріндегі саңылаулар анықталды. Бұл саңылаулар температураның төмендеуіне байланысты пайда болды. Тексеру қорытындысы бойынша көпір құрылымына қауіп төніп тұрған жоқ, жағдай қанағаттанарлық.

Әділбек Увасилов 20 ақпаннан бастап Алматы қаласының мамандары көпірдің құрылымына тексеру жүргізіп жатқанын атап өтті. Ақаулар анықталған жағдайда, күрделі жөндеу жобалық сметалық құжатқа енгізіледі.

ӘДІЛБЕК УВАСИЛОВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ М. А.
Осы жылдың 20 ақпанында көпірдің арқалықтарын, деформациялық тігістерін тексеру жоспарланған. Ол үшін Алматы қаласынан арнайы мамандар келеді. Қорытындысы бойынша қосымша хабарлаймыз.

Мамандардың айтуынша, аралықтың негізгі төсемінің және көпір бөліктері зақымданбаған. Аспалы көпірдің жағдайы қанағаттанарлық.


АСЛАН ЕРТІСБАЕВ