Көмірқышқыл газы адам өміріне аса қауіпті. Осы жылдың жылу маусымында Семей қаласының 10 тұрғынына иіс тиген. Олардың екеуі - кәмелетке толмағандар. Осындай фактілердің алдын алу үшін газ датчигін сатып алуға қала әкімдігі 18 млн теңгеден астам қаржы бөлді. Олар әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне орнатылады.

Статистикаға сәйкес, жылу маусымындағы өрттердің ең көбі жеке тұрғын үй секторына тиесілі. Соңғы бірнеше айда қаламыздағы саяжайларда және жеке үйлерде 78 өрт оқиғасы тіркелген. Пештен шыққан газдан улану салдарынан 10 қала тұрғыны зардап шекті. Олардың екеуі кәмелетке толмағандар. Оқиғаның алдын алу мақсатында Семей қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жеке сектор мен саяжай алаптарын аралады. 4 мыңнан астам әлеуметтік осал отбасы анықталып, олар үшін газ өлшеуіш құрал сатып алынды.

БАУЫРЖАН ҚУАНЫШЕВ СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ТЖБ АҒА ИНЖЕНЕРІ
Бүгінгі таңда Семей қаласында жылыту маусымы 2023-2024 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, Семей қаласының әлеуметтік осал топтары яғни оның ішіне кіреді көпбалалы отбасылар, аз қамтылған отбасылар, жалғыз басты мүгедек адамдар болса, бізде тізім бар. Осы алынған датчиктарды жана жоғарыда айтылып кеткен отбасыларға құруды төтенше жағдайлар қызмеркерлер күнделікті біз жүргізіліп жатырмыз.

Басқарма қызметкерлері датчиктерді орнату барысында тұрғын үйлердегі қауіпсіздік ережелеріне сай емес фактілерді анықтады. Мәселен, газ баллондарын дұрыс пайдаланбау, электр сымдарының зақымдануы, сияқты өзге де бірқатар талаптар сақталмаған.

ӘДІЛ БРАТАЕВ-СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ТЖБ БАСТЫҒЫ
Мұржалар уақтылы тазаланбайды. Халықтың әлеуметтік осал топтарында пештер ескірген. Яғни, олар уақытында сыланбайды, құбырлар тазаланбайды. Сондықтан да қауіп төндіреді. Осы мекен-жайлар бойынша біз бақылау жұмыстарын жүргіземіз. Бұл өрттің алдын алып, үйлерді бақылауда ұстау үшін қажет. Ескерте кетейін, халыққа көмек көрсету үшін әлеуметтік қорғау мекемесіне өтініш жазуды ұмытпаған жөн.

Датчик орнатылған үй тұрғындары қала әкімшілігіне ризашылықтарын білдірді.

Менің 7 балам бар, батыр анамын. Өрт сөндіру бөлімінен келіп, орнатып берді. Қала әкіміне, өрт сөндірушілерге көмектері үшін рахмет. Олар жиі келеді,әрдайым көмектеседі. Барлығына рахмет.
Бүгін келіп, міне орнатты. Өрт болмау үшін келіп, бәрін қосып жатыр. Барлық балаларға рақмет айтамын.

Бүгінгі таңда қаланың 112 үйіне жаңа датчиктер орнатылды. Жұмысты жылу маусымының соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Семей қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері азаматтарды өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауға шақырады.


Жұлдызай Маратқызы