Өркениетке қол созған еліміз үшін экономикалық өсіммен қатар елдің рухани бай құндылықтарын дамыту маңызды. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қала тұрғындарының мәдени әлеуетін арттыру және ономастика саласында атқарылып жатқан жұмыстары жайлы сала басшысы баяндады.

Дана халқымыз: «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер айтпаған. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Осы ретте мәдениет саласы қызметінің де мазмұны жоғары болуы тиіс. Сонда ғана оны бағалайтын көрермен саны да көп болады.

МАРЖАН БАХАТОВА МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Бүгінгі күні мәдениет саласында жергілікті бюджеттен қаржыландыратын 8 мекеме жұмыс атқарады. Жергілікті бюджеттен қаржыландыратын мәдениет мекемелерінде барлығы 68 үйірме бірлестіктері мен шығармашылықтар жұмыс істейді. Мұндағы барлық қатысушылар саны 1035 адам. Яғни бұл жерде «Халықтық» атағына 25 ұжым ие. Қатысушылардың саны 503 адам. Оның ішінде жастар, балалар және ересектер үйірмелері.

Қалада түрлі шаралар ұйымдастырылады. Мектеп жасындағы оқушылар, жасөспірімдер, студенттерге арналған «полиглот» үш тілді олимпиадалар, зияткерлік байқаулар, сонымен қатар, атаулы мерекелерге арналған іс-шаралар да жиі өтеді. Тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі ономастика саласы бойынша соңғы жылдары қала көлемінде қолға алынған шаруа көп.

МАРЖАН БАХАТОВА МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Сонымен қатар еліміздің тәуелсіздігіне, ұлттық танымға жақын жалпылама атаулармен қайта атау, атауын өзгерту жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Және де мемлекеттік мекемелерге тарихи тұлғалардын есімін беру туралы ұсыныстар келіп түсіп жатыр. Оның барлығы осы ономастика саласындағы жұмыстар қайта жалғасын тапқан кезде жүргізілетін болады.

Биылғы жылы кең көлемдегі шаралар жоспарланған. Мәселен, Кенен Әзірбаевқа 140 жыл, Жүсіпбек Аймауытовқа 135, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұловтың 130 жылдықтары, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, Әлкей Марғұланның 120 жылдығы аталып өтіледі.


Жұлдызай Маратқызы