Әзербайжан, Өзбекстан, Қазақстанның тілшілері Ыстамбұлда бас қосты. Мақсат - көркем өлкенің өткені мен бүгініне бойлау. Олардың сапары Айя София мешітінен басталды. Құлшылық орнында қазір жаңғырту жүріп жатыр. 3 елдің тілшілері Айя София мешітіне барды. 324-ші жылы қаланған ғимарат талай сыннан да, сынақтан да өтті. Нысан 2020 жылдан бері құлшылық орны ретінде қызмет көрсетеді. Жалпы Ыстамбұлда 3,5 мыңнан астам мешіт бар. Айя София мен Сұлтан Ахмет мешіті бір-біріне жақын орналасқан. Туристер Түркияға жыл бойы ағылады. Былтыр олардың саны 50 млн-нан асқан. Меймандардың көп баратын мекені Ыстамбұл қаласы. Ол көзтартарлық көркімен, терең тарихымен, теңдесі жоқ асханасымен ерекше. Тілшілерге арналған бұл сапар әріптесіміз Мадина Ақылбекованың жадында көпке дейін сақталмақ.

МАДИНА АҚЫЛБЕКОВА, EL.KZ АҚПАРАТ АГЕНТТІГІНІҢ ТІЛШІСІ
Бұл тәжірибе алмасу алаңы болды. Өте керемет, өте әсерлі. Одан бөлек, танымал мейрамханада шеф-повармен ас дайындаудың сәті түсті. Өте сезімім керемет. Стамбул өзінің тәттілерімен, тамағымен тартады ғой көпшілікті. Сондықтан мен соған өзімнің үлесімді қосқаныма, өз қолыммен дайындап көргеніме қуаныштымын. Бұл үлкен мәртебе.

Тілшілерге әлемнің шоппинг сүйерқауымы ерекше бағалайтын Гранд Базары таныстырылды. Бұл жаһандағы ең ірі сауда алаңы. 64 көшені қамтитын аумақта 4000 дүкен орналасқан. Түрік мәдениетіне қызығатын көпшілік ол жерлерден осман дәуірінен сыр шертетін кілем, керамика, шәй мен тәттілерді сатып алады.

ЫХТИОР СЫДЫҚ, ЖУРНАЛИСТ (ӨЗБЕКСТАН)
Стамбулға бірінші рет келіп тұрмын. Алған әсерім өте ерекше. Түркияда терең тарих бар. Бүгіні де өте қызық. Осындағы құлшылық орнына баруды армандағам. Бүгін барып көрдік. Сауда да қызып жатыр екен. Көне ғимараттарға тәнті болдым. Ас мәзірінен дәм бұйырды. Ең бастысы, халқы жайсаң. Біздің Қазақстан мен Әзербайжаннан келген әріптестеріміз де мұны байқады. Бәріміз үшін жақсы демалыс болды.

Бұл 60-шы жылдары әлемдегі ең танымал өнер орталықтарының бірі -Ататүрік мәдени орталығы. Ол осыдан үш жыл бұрын қайта қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Кешенде 2040 көрерменге арналған Опера залы орналасқан, музейлер, мейрамхана, екі кітапхана бар. Түркітілдес елдердің тілшілеріне арналған турды Түркияның мәдениет және туризм министрлігі ұйымдастырған. Қазақстандық тілшілер сапарына түркітілдес журналистер қоры ұйытқы болды.


Мерей Мұратханқызы