Ауа температурасының жоғарылауына байланысты 15 тамызға дейін күндізгі сағат 11:00-ден 21:00-ге дейін, күн +25 °C-тан жоғары болған жағдайда, республикалық трассаларда қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді. Шектеу дара осіне түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын автокөлік құралдарына қатысты. Бұл жайлы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің «Абай облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі ақпарат таратты. Бұл талап кейбір көліктерге қатысы жоқ. Мәселен, халықаралық жүк және жолаушылар тасымалы; төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларға қатысатын көлік; тез бұзылатын азық-түлік өнімдерін тасымалдау; сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де тасымалдар бар. Мамандар көлік жүргізушілерін белгіленген талаптарды қатаң сақтауға және бағыттарды жоспарлау кезінде қолданыстағы шектеулерді ескеруге шақырады.