Семейде еріктілер қозғалысы тек қоғамдық бастама емес, тұтас бір құндылыққа айналып келеді. 2026 жылдың Халықаралық еріктілер жылы болып жариялануы – осы бағыттағы еңбектің еленгенінің белгісі. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінде көтеріп, жаһандық деңгейде қолдау тапты. Ал 30 қаңтарда елордада Волонтерлер жылының ресми ашылуы өтіп, елдің түкпір-түкпірінен жиналған белсенді жастар жаңа кезеңнің бастауына куә болды. Абай облысының делегациясы да сол сәттің бел ортасында жүрді.