Абай облысында қоғамдық тәртіп пен экологиялық мәдениетті сақтау бағытындағы бақылау күшейтілді. Өңірде рұқсатсыз қоқыс тастау, темекі тұқылын лақтыру әлі де тыйылмай отыр. Полиция дерегінше, жыл басынан бері мұндай құқықбұзушылықтың 2527 дерегі тіркелген. Күн сайын орта есеппен 3-4 факт анықталады. Мұндай заң бұзған азаматтар айыппұл арқалайды немесе қоғамдық жұмысқа тартылады. Полиция департаменті жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы тәртіп бұзғандарды бірден анықтап, оқиға орнына патрульдік топ жібереді. Біздің түсірілім тобы да орталық жұмысына куә болды. Камераға қоғамдық орында шылым шегіп, темекі қалдығын тастаған азамат ілініп, полиция қызметкерлері дереу көрсетілген мекенжайға аттанды. Тазалық ережесін бұзған тұрғынның мәселесі әкімшілік сотта қаралатын болады. Тазалық тек құқық қорғау саласы немесе коммуналдық қызметке ғана емес, қоғамның әр мүшесіне байланысты. Мамандар экологиялық тәртіп-әр азаматтың ортақ борышы екенін ескертеді.