Абай облысында мектеп оқушыларына арналған кәсіптік бағдарлау лагерьлері өз жұмысын жалғастыруда. 10 колледж базасында ұйымдастырылған лагерьлер балалардың жазғы демалысын тиімді өткізіп, болашақ мамандығын саналы таңдауға жол ашатын алаң. Биылғы маусымда 500-ге жуық оқушыны қамтитын болады. Солардың бірі жайлы тілшіміз баяндасын.
«SmartKriS» IT лагері –оқушыларға ақпараттық технологиялар саласында алғашқы білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік беріп келеді. Лагерь маусым айында екі ауысыммен ұйымдастырылған. Мұнда оқушылар робототехника, бағдарламалау, дәнекерлеу, веб-дизайн сынды түрлі бағытта білім алады. Сабақтар жобалық форматта және WorldSkills талаптарына сай жүргізіледі.
ШАМШИЯ ҚҰМАШЕВА –«SMARTKRIS» ЖАЗҒЫ ЛАГЕРІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ
Сабақ басында педагог ең алдымен қауіпсіздік техникасы жайлы ескертеді: сабақ кезінде, құрал-жабдықпен, саймандармен жұмыс істеу тәртібін түсінідіреді. Содан кейін сабаққа керек қажетті материалдарды таратады. Балалар тапсырманы орындайды. Педагог әрқайсысына жеке-жеке барып, сұрақтарына жауап береді, қай жерде қате кеткенін көрсетеді.
Лагерь оқушылар үшін тек білім алаңы ғана емес, болашаққа қадам басатын алғашқы баспалдақ. Қатысушылар арасында IT саласына қызығушылық танытқандар аз емес. Солардың бірі Семей қаласындағы №50 мектептің 7-сынып оқушысы Камила Маратова.
КАМИЛА МАРАТОВА – ОҚУШЫ
Мен жазғы лагерьге жазылдым, өйткені бағдарламалау, дәнекерлеу құралымен жұмыс істеу, микросхемалар жасау сияқты нәрселер мені қызықтырды. Бұл жерде оқып жатқаныма екі күн болды. Мұндағы пәндер мені қатты қызықтырады. Мен болашақта бағдарламашы болғым келеді, мүмкін осында оқимын деп ойлаймын.
Осындай жазғы лагерьлер оқушылардың қызығушылығын ерте кезден дамытып, кәсіптік бағытты нақтылауына сеп болуда. Тәжірибе мен теорияны ұштастырып, өз ісіне ынталы жастарды тәрбиелеу бастаманың басты мақсаты.
ШАМШИЯ ҚҰМАШЕВА –«SMARTKRIS» ЖАЗҒЫ ЛАГЕРІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ
2018 жылдан бері біздің лагерьге көп бала келді, кейін олар біздің колледждің студенті болды және оқуын аяқтады. Бұл дәстүр жалғасып жатыр. Олар алдымен мамандықпен танысады, оқыту қалай өтетінін көред. Осындай лагерьлер балаларға болашақ мамандығын ерте анықтауға көмектеседі. Қазір біз ерте кәсіптік бағдарлау туралы айтып жүрміз. Яғни, олар мектеп кезінен бастап қайда оқуға болатынын, не үйренетінін, болашақта ол қандай маман болатынын түсінуі керек.
Абай облысында ұйымдастырылған жазғы кәсіптік бағдар беру лагерьлері жасөспірімдерді өз кәсіби жолын дұрыс таңдауға бағыттайды. Жастар жазғы уақытын тиімді пайдаланып, демалыс пен кәсіп таңдауды ұштастыруда.
А.ӘЛИХАНОВА