Қаланы абаттандыру, жол жөндеу, аймақтағы тазалық облыс әкімінің бақылауында. Бүгін таңғы сағат 7-ден бастап аймақ басшысы бірқатар көшенің жағдайын қарап, маусымдық жұмыстарды тексеріп шықты.
Қазір Семей көшелерінен мамандандырылған су шашатын техниканы жиі көреміз. Облыс әкімінің тапсырмасынан кейін бұл жұмыс жандана түсті. Негізгі көшелерге күніне 3 рет су себіледі. Аймақ басшысы Қаржаубайұлы даңғылындағы жолдарға су шашып жүрген техника жұмысын көрді. Қала бойынша 20-ға жуығы осы жұмысты атқарып жүр. Берік Уәлиұлы қала әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышевқа қала тазалығын жақсарта түсу үшін осындай техника санын ұлғайтуды тапсырды.
НАХАЛОВКАҒА ТАЗА АУЫЗ СУ ТАРТЫЛУДА
Аймақ басшысы Нахаловка кентіне су құбырын тарту жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда 4,5 шақырым магистральдық құбыр төселіп, 100-ден астам құдық орнатылған. Жиыны 6 шақырым магистральдық және 10 шақырымға абоненттік желі салынады. Мердігер компания бір ай ішінде Нахаловканы ауыз сумен қамту жұмыстарын аяқтамақ.
Бұрын-соңды Нахаловкада орталықтандырылған су болмаған. Облыс әкімі мердігер компанияға жұмысты сапалы атқаруды тапсырды.
АСФАЛЬТ САЛЫНБАҒАН КӨШЕЛЕР ЖӨНДЕЛЕДІ
Мұнан соң облыс әкімі қаладағы жол жөндеу жұмыстарын көрді. Биыл Семейде 52 көше жөнделеді. Оның 36-сында бұрын асфальт болмаған. Аймақ басшысы сол жағалаудағы Крестьянская көшесіндегі жолдың құрылысын көрді. Қазіргі уақытта мұнда қиыршық тас төселіп жатыр. «Биыл Семейде 50-ден астам көше жаңа кейіпке енеді. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Біз қалада бұрын мүлде асфальт салынбаған көшелерге басымдық беріп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз» деді облыс әкімі.
АСПАЛЫ КӨПІРДІ ЖӨНДЕУ ЖАЛҒАСУДА
Аспалы көпірді жөндеу жалғасуда. Облыс әкімі Берік Уәли көпірдегі жұмыстардың барысын бүгін де бақылап шықты. Жұмыстар кестеге сай. Жолдағы ескі асфальт жабыны толықтай қырылған. Енді көлік өткеліне арнайы материал төсеу басталды. Мұны жол құрылысы саласының мамандары қадағалап отыр. Көпірлерге арналған технологиялар қатаң сақталуда.
РУСЛАН ДҮСКЕНОВ МЕРДІГЕРЛІК КӘСІПОРЫН ӨКІЛІ
Бірінші праймер салып жатырмыз, сосын гидрализационный материал, мынадан кейін асфальт бастаймыз, примерно в конце недели бастаймыз.
Апта соңына қарай асфальт төсеу жұмыстары басталады. 25 жыл бойы жаңартылмаған көпірдегі ауқымды жөндеуге байланысты көпірдегі қозғалыс схемасы өзгеріп, әзірге көліктер төрт жолақпен қатынап жатыр.
Көпірден кейін облыс басшысы «Казполиграф» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Кәсіпорын қаптама өнімдерін шығарады. Өнімдерін ішкі нарықпен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясына экспорттайды. Қазіргі күні өндіріс көлемін ұлғайту үшін жаңа инвестициялық жобаны іске асырып жатыр.