Аягөз қаласында ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Оның барысында ет, сүт, көкөніс, ұн және бал өнімдері саудаға шығарылды. Ұйымдастырушылар өнімді өндіруші бағасымен саудалауға қатты мән берді. Сондықтан болар, қолжетімді баға тұтынушылардың көңілінен шықты.

Аягөз ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Негізгі мақсат – ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасын тұрақтандыру, халыққа жергілікті өнімді делдалсыз саудалау. Ауданның жергілікті тауар өндірушілері және кәсіпкерлері бұл мүмкіндікті пайдаланып тұтынушыларға түрлі өнімдерді ұсынды. Олар көтерме сауда бағасымен сатылды. Сауда-саттық барысын аудан әкімі Данияр Шәкәрімов те аралап көрді.

Ғалымжан Ақылжанов - Аягөз аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлім басшысы

Бағасы көтерме бағамен сатылып жатыр. Мысалыға алатын болсақ, еттің бағасы 2500 теңге, сүт 400 теңгеден. Базар бағасынан төмен, көтермесіз бағамен саудаланып жатыр. Мысалы, осы жәрмеңкеде саудаланып жатқан өнімдерден сатып алушы бір келіден алса әрқайсысынан, 5 мың теңге көлемінде үнемдей алады. Халық ауа райының қолайсыздығына, күннің аяздығына қарамай, келіп өздері сауда жасап жатыр осы жерде.

Сатып алушыларға жеміс-жидек, көкөніс, ет, сүт, ұн және бал өнімдері кең көлемде ұсынылды. Жәрмеңкедегі бағалар базардағыдан бірнеше пайызға төмен болғандықтан, қала тұрғындары үстемесіз сатылған өнімдерге ерекше ризашылықтарын білдірді.

Қаламқас Қошқарова – қала тұрғыны

Бүгінгі болып жатқан іс-шараға рахметімізді айтамыз. Жақсы, халыққа да тиімді болып жатыр. Рахмет әкімшілікке. Бағалар әкімшіліктің қойған бағасы. Сонымен саттық. Жақсы, халыққа тиімді болды.

Жасұлан Қармысов – қала тұрғыны

Бүгін Аягөздің орталық алаңына келіп тұрмыз. Кішкене баға қолжетімді, өте тиімді. Осылай болып тұрса деймін әрқашан. Иә, ұнап жатыр. Халыққа тиімді, кішкене арзандау. Жақсы баға.

Сатушылар саудасы қызды. Баға қолжетімді болғандықтан мұндай жәрмеңкелерге кәсіпкерлердің де, тұтынушылардың да сұранысы өте жоғары. Бұл отандық өнім өндірушілерге де қолдау. Айта кетерлігі, жәрмеңке алдағы уақытта тұрақты өткізілетін болады.