Қазақстанның әрбір азаматы кепілдендірілген тегін медициналық көмек алуға құқылы. Бұл жүйе қымбат емді тегін алуға мүмкіндік береді. Мысалы, өткен жылы Абай облысынан 839 науқас жоғары технологиялық хирургиялық ем алған.
Кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек Қазақстан Республикасының әрбір азаматына, қандастарымызға және Қазақстанда тұрақты тұратын шет ел азаматтарына көрсетіледі. Тегін медициналық көмек республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Бұл жүйе арқылы азаматтар жедел және шұғыл медициналық көмек, алдын алу шаралары мен міндетті екпелер, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге байланысты медициналық көмек ала алады.
Айсұлу Саимова- Денсаулық сақтау басқармасы басшысының медициналық көмек көрсету және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары
Облыс тұрғындары тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық көмек алады. Бұр арқылы науқастар аудандық, қалалық, облыстық және республикалық деңгейлерде көмек алады. Яғни қажет болған жағдайда науқас көмек алу үшін квота бойынша республикалық орталыққа жіберіліп, тегін ем алады. Кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек және МӘМС аясында науқастар косметологиялық процедуралардан басқа барлық көмекті ала алады. Барлығы 170-бұйрықта жазылған. Азаматтарға қарапайым талдаулардан бастап, күрделі медициналық көмек тегін көрсетіледі.
2024 жылы квота негізінде облысымыздың 839 тұрғыны республика көлемінде жоғары технологиялық хирургиялық көмек алған. Науқастар кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек негізінде туберкулез, одан кейінгі оңалту шаралары, онкология, станционарлық көмек, созылмалы ауралары бар науқастарды динамикалық бақылау, қант диабетін емдеу және бекітілген тізбеге сәйкес тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек негізінде ем алып жүрген тұрғындардың бірі Рахима Рафикова. Ол 2015 жылдан бері қант диабеті диагнозы бойынша диспансерлік есепте тұрады. Сол уақыттан бері барлық ем-домын қабылдап, тұрақты түрде тегін дәрі-дәрмек алып отыр.
Рахима Рафикова- Қала тұрғыны
Мен Семей қаласындағы нөмірі 12-ші дәрігерлік амбулаториясында қант диабеті, қан қысымы жоғары болғандықтан диспансерлік есепте тұрамын. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігің заңнамасына сәйкес барлық ем шараны, дәрі-дәрмекті тегін айына бір рет алып тұрамын. Флюрографияны жылына бір рет өтемін. Скрининг, тағы да қажет болған жағдайда басқа қа тексерулерден өтіп, анализ тапсырып, талдау жасап тұрамын.
2025 жылы Абай облысы бойынша кепілдендірілген көлемдегі медициналық көмекке 43,9 млрд теңге, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 40,2 млрд теңге бөлінген.