Семейде жыл сайын ұйымдастырылатын «Халық заңгері» акциясы өтті. Акция барысында азаматтар өздерін толғандыратын мәселелер мен сұрақтары бойынша тегін заңгерлік кеңес алды. Сарапшылар қатарында адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, антикор қызметкерлері және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері болды.

«Халық заңгері» республикалық әлеуметтік акциясы бүкіл ел бойынша ұйымдастырылды. Іс-шара мақсаты халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін кеңес беру. Семей қаласының тұрғындары мұндай мүмкіндікті қалт жібермей, әр түрлі жастағы азаматтар құқықтық көмек алды.

РҮСТЕМ РАКИШЕВ - СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Өздеріңіз байқап тұрғандай, қаншама тұрғын келіп, сұрақтарын қойып жатыр. Біріншіден, бұл көмек тегін. Себебі, әркім ақылы қызметті ала алмаған соң, біздің органдарға жүгінеді.
ЖАНБОЛАТ САМАШЕВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Осы іс-шараны біз әрі қарай жүйелі түрде жайластырамыз деген ойдамыз. Қазіргі таңда 2016 жылдан жылына бір рет өтіп келе жатыр. Кейіннен қарастырып, егер де көптеген сұрақтар туындау қажеттілігі болып жатса, бұл шараны тағы да қарастыруға болады. Мүмкін, жылына екі рет осындай іс-шара өткізсе, халыққа пайдалы, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға өте маңызды деп санаймыз.

Акция адвокат немесе заңгерлердің ақылы қызметін төлей алмайтын азаматтар үшін ұйымдастырылды. Сондай-ақ, мәселелердің шешімін таппай, қайда жүгіну керектігін білмейтін тұрғындарға аса қажет.

АҚНҰР ҚАЙРАТОВА – ПРЕЗИДЕНТТІҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САЯСАТЫНА ЖӘРДЕМДЕСУ ОРТАЛЫҒЫ ФИЛИАЛЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Осы іс-шара біздің халыққа өте бір үлкен пайдасы мол деп білеміз, себебі көп адамдардың заңгерлерді қалтасы көтере бермейді. Осындай кезде біздің әкімдіктің таңдаған, заңгерлеріміздің таңдаған ең үздік деген мамандар қазір осы жерде тегін консультация беріп отыр. Осындай ұйымдастырып, қолдау көрсетіп жатқан барлығына рахмет айтқымыз келеді.

Шара барысында отандасымыздың бірі шетелде болды. Оңтүстік Кореяда төлқұжатына қатысты қиындықтар туындаған соң Семейдің құқық қорғау органдарынан көмек сұрады. Сонымен қатар, кей тұрғындар кеңес алу үшін емес, құрылымдардың жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстарын жеткізуге келген.

ГАЛИНА ГЛАЗКОВА – ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР
Әр түрлі жағдайлар орын алады. Мысалы, қандай да бір отбасы туралы өтініш берген кезде ол 10 жұмыс күні ішінде қаралады. Ал біз кешігіп жатамыз. Негізінде біз келеңсіз жағдайлар орын алмауы үшін жедел жәрдем сияқты жұмыс істеуіміз керек. бұл көмекті қысқа уақыт ішінде көрсетуіміз қажет. Міне, мен осы сұрақ бойынша жүгіндім.

«Халық заңгері» акциясы алғаш рет 2016 жылы өткізілді. Осы уақыт аралығында 165 мыңнан астам адам тегін кеңес алды. Осылайша, елдің үздік сарапшылары жыл сайын азаматтардың мәселелерін шешуге көмектеседі.


АСЛАН ЕРТІСБАЕВ